Баспана аламын деп алданып қалғандар көбейді
Жосықсыз құрылыс компаниялары қазақстандықтарға 30 миллиард теңгеден астам залал келтірген.
Соңғы екі жылда тергеу органдары осындай компанияларға қатысты 20 қылмыстық іс қозғап, 16 адам сотталған. Бас прокуратураның мәліметінше, азаматтардың қаражатын заңсыз жинағаны үшін 300-ден астам компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал айыппұлдың жалпы сомасы 250 млн теңге. Бұл үлескерлік құрылысқа қатысты деректер.
Елімізде құрылысы аяқталмаған жүз шақты үй бар. Мұндай проблемалық нысандардың көпшілігі Астанада орналасқан. Мысалы, қалада жыл басында рұқсат құжаты жоқ 90 нысанның құрылысы жүргізілді. Бүгінде олардың тек 44-і ғана тиісті құжаттарын алған. Қалған 46 нысан бойынша ескертулер жойылып, рұқсат беру құжаттары дайындалып жатыр. Жалпы, елорда әкімдігінің хабарлауынша, биыл 30-дан астам тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл үлескер ретінде ақшасын беріп, үйін күтіп жүрген 4 мыңға жуық адам.
Үлескерлерді тартқан құрылыс компаниялары
Соңғы 2 жылда ₸30 млрд залал келтірген
20 қылмыстық іс қозғалып, 16 адам сотталды
300 компания әкімшілік жауапкершілік тартылды
Заңсыз қаржы тартқандарға ₸250 млн айыппұл салынды