Ақтөбеде онлайн-казино ұйымдастырған 3 адам ұсталды

Ақтөбе облысында жалпы айналымы жарты миллиард теңгеге жуық интернет-казино анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті заңсыз ойын бизнесін онлайн ұйымдастырған 3 тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Құмар ойынға шамамен 800 адам қатысқан. Кәмелетке толмағандарды заңсыз бизнеске тарту фактілері де тексеріліп жатыр. Жүргізілген тінту нәтижелері бойынша, казино қызметіне қатысты заттар мен құжаттар және қаражат тәркіленді.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Ұйымдастырушылар Қазақстан аумағында тыйым салынған сайттарға сілтеме мен біржолғы логин және пароль беріп, ойыншылардан банк қосымшасы арқылы «ставкалар» қабылдаған. Осылайша, олар ойыншыларға нақты ұтыстар бере отырып, тиісті лицензиясыз құмар ойын түріндегі заңсыз қызмет көрсеткен. Алдын-ала есеп бойынша заңсыз қызметтен түскен қаржы айналымының жалпы сомасы – 490 млн теңге.