Әскери борышты өтеуге ниеттілер қатары артқан

Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге ниеттілер саны артып келеді.

Биыл еліміздің қарулы күштерінің қатарына 20 мыңдай жауынгер шақырылады. Бұл былтырмен салыстырғанда 2 мыңға көп. Әскерге барсам, дейтін жігіттер санының артуы несиелік каникул, жоғары оқу орнына түсу үшін берілетін жеңілдіктерге байланысты.

Алматыдағы әскерге шақыру орталығы осы аптада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне баратын болашақ сарбаздарды жасақтауда. Оған қаладан 250 адам жіберілмек. Бүгінге дейін 208 жігіт таңдалап, әскери бөлімдерге аттанды. Енді қалған 42 адам іріктеліп жатыр. Биыл Алматы қаласынан жалпы саны 1500-ден астам адам әскер қатарына алынады. Болашақ сарбаздардарға психологиялық және физикалық талаптар қойылады. 

Қарлығаш Әділхан, қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары:

- Психотестте бұл әскерге шақыртушылар бірнеше бағыттағы бақылаудан өткізіледі. Бірінші бұл жалпы әскерге шақырылушылар дайын ба моральды тұрғыда. Балалар бізде екі тест тапсырады. Біріншісі жазбаша бағытта. Одан кейін компьютерде Ақ-Сұңқар бағдарламасы арқылы бірнеше тест тапсырады. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қарулы күштерге деген қызығушылықты арттыру, абыройын асыру жолдары қарастырылды. Нәтижесінде Отан алдындағы борышын өтеушілер бір жыл несие төлеуден босаталып, жоғары білім алу үшін жеңілдікке ие болады. 

Тілеухан Басқожаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің департамент басшысы:

- Жетпістен астам ЖОО мен қорғаныс министрлігі қазір келісімге қол жеткзіп отыр. Үздік сарбаз, әскери борышын атқарған өзінің таңдауымен ҰБТ нәтижесінсіз, емтихансыз өзі таңдап оқуға түсу құқығына ие.  

Қазіргі таңда қоғаныс министрлігімен келісім жасаған университеттерде борышын өтеп қайтқан 180 сарбаз тегін білім алуда. Ақылы бөлімге 400-ден аса адам оқуға түскен. 

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов