Шымкенттік нейрохирург медицинаға озық технологияларды енгізуге күш салып жүр

Шымкентте операция жасаудың 60-қа жуық жаңа технологиясы енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еркін Медетовтың жетекшілігімен медицинаның озық тәжірибелері іске асып, тамыр ішімен жасалатын нейрохирургиялық операцияның барлық түрі қолданылып жатыр. Соның арқасында клиникалық аурухана базасында бір жыл ішінде мыңдаған адам дертіне шипа тауып, құлан таза айығып шықты.

Еркін Медетов инновациялық игіліктерді отандық медицинада кеңінен пайдаланады. Әріптестерімен бірге күрделі операцияларды иненің ұшындай тесікпен тіліксіз жасайды. Бассүйекті ашпастан тамырішілік ауруларды қалпына келтіреді. 

Еркін Медетов, дәрігер-нейрохирург: Шымкенттік нейрохирург медицинаға озық технологияларды енгізуге күш салып келеді

- Ауруханада жаңа технологиялардың трансфері жүріп жатыр. Мынау маңызды магистралды тамырлардың бітелуі кезінде тамырларды ашу оталары және де айналма жолдарды салу оталары. Одан бөлек, тамырдің ішінен барып бітеу оталары жасалады. Сол оталардың барлығын осы ауруханада енгіздік. 

Дәрігерлер науқасқа жасалған хирургиялық әрекеттен соң ем-домның әсерін бақылауға алады. Денсаулығы дұрысталғанша қадағалап, аз күнде аяққа тұруына жағдай жасайды. 

Дәрігердің шипалы қолынан дертіне дауа тапқандардың бірі – Әбдікерім Сәрсенбай. 67 жастағы науқасқа бірнеше күн бұрын күрделі операция жасалды. Енді аса жоғары қан қысымы төмендеп, бетіндегі семіп қалған тамырларға қайта қан жүгірді. 

Әбдікерім Сәрсенбай, қала тұрғыны:

- «Шлангамен» тартып шай, тамақ ішетін едім. Міне, Құдайға шүкір, 1 апта болды, тамағымды өзім ішіп жатырмын. Шай-суымды өзім ішіп жатырмын. Жүріп жатырмын, шүкір. Менің ойым, бұл кісі өзінің пациентін ата-анасындай, әкесіндей көріп келіп жатқан шығар. Жұмысына адал адам деп отырмын. Өзінің антына адал адам деп отырмын бұл кісіні. 

Еркін Медетов дәрігерлікпен қатар ғылыми ізденістерін үзбей жалғастырып келеді. Медицина академиясының бітіруші түлектеріне дәріс оқып, жетекшілік етеді. Хирургия саласының болашақ дәрігерлерін дайындауға бар тәжірибесін салып жүр.    

Жомарт Құдайберген, резидентура тәлімгері:

- Шұғыл түнгі 2, 3 4, қай уақытта науқас түседі, сол уақытта келіп, ангиографпен тамырларды тексеріп, қажетті операциялар болса, түнде де жасала береді. Мысалы, осыған қарап, еңбекқор екенін бағалауға болады. 

Ұлттық нейрохирургия орталығында тәжірибе арттырған Еркін Медетов 30-дан аса елде кәсіби біліктілігін жетілдірді. Енді отандық медицинаға озық технологияларды енгізуге күш салып келеді. Демалыс күндері көрші елдерге барып, шетелдік әріптестеріне де көмектеседі.

Еркін Медетов, дәрігер-нейрохирург:

- Қазіргі таңда тек бұл ауруханада оталар жасамаймыз. Яғни, қаладағы облыстық клиникалық ауруханасы бар, балалар ауруханасы бар, №2 қалалық ауруханасы бар. Ол жақта да күрделі аурулар кездескен уақытта барып, оталар жасап тұрамыз. Демалыс күндері басқа қалаларға барып, сол жақта оталар жасаймыз. 

Шымкент қалалық ауруханасында жылына мыңға тарта операция жасалады. Оның үштен бірі Еркін Медетовтың қатысуымен өтеді. Сондықтан дәрігерді ел арасында еңбекқор атайтындар көп. Ол мұндай құрметке тынымсыз ізденісі мен қажырлы қайратының арқасында жетіп отыр. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.