Жайыл ата мен Гүлзияш апа 50 жыл бір салада еңбек етті
Жетісу облысы Қамысқала ауылында тұратын Жайыл ата мен Гүлзияш әжей жұбы жазылмай, 50 жыл бір салада еңбек еткен.
Берекелі отбасы бүгінде ауыл жұртына үлгі болып отыр. Саналы ғұмырын балық шаруашылығын дамытып, ел ырыздығын арттыруға арнаған әулет жайлы Шыңғыс Қалиден айтып береді.
Жайыл ата 76 жылдық ғұмырын айдынды Алакөлдің жағасында өткізді. Тынымсыз еңбек еткен ол бар білімі мен тәжірбиесін балық шаруашылығына арнады. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, балық комбинатының басшысы болды. Ең қиын кезеңдерде ауыл халқын тапшылыққа ұрындырмай, ұжымды ұйыстыра білді.
Жайыл Әбдірахманов, Алакөл ауданының құрметті азаматы:
- Халықта ақша болмағандықтан, балықты сатып ала алмады. Сондықтан біз балықты айырбасқа бердік. Айырбастағанда біз халықтың тұрмыс тіршілігіне не керек, соны алдық. Көмір алдық, ағаш алдық. Содан кейін халықтың киім кешегі ұн, май, қант, тамақтың қандай түрі соған айырбастап, біздің ауыл жоқшылық көрмей өмір сүрді.
Жайыл ата балық шаруашылығын дамытып қана қоймай, ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге ат салысты. Мәселен, 80-ші жылдары көл суы көтеріліп, мектеп сыз тарта бастайды. Сол кезде емхананың бос тұрған ғимаратын толықтай жөндеткізді. Сөйтіп, оқушыларды жаңарған білім ордасына көшірді. Ауылдағы 150 шақты бала әлі күнге дейін сол мекемеде білім алып жатыр
Асқар Бүтіншінов, Қамысқала ауылдық округінің әкімі:
- Ол кісі өзінің білгенін ешкімнен аяған емес. Қашанда болса осы халқымыздың ішінде ақылын айтып, жұмысын алға бастырып, қашанда біздің алдымызда жүрген азамат. Ауылмыздың үздік отбасы деп айтуға болады. Бүкіл ауылымыз ол кісіні өнеге тұтады.
Өнерімен, өмірімен, іскерлігімен де көпке үлгі болған отбасы 1972 жылы құрылды. Содан бастап зейнетке шыққанша Жайыл ата мен Гүлзияш апа бір салада қызмет етті. Есіл еңбек бағаланып, отағасы Алакөл ауданның құрметті азаматы атанды. Ғибратты ғұмырдың құпиясы адал еңбекте, өзара түсіністікте, үлкендердің ақ тілегінде, - дейді Гүлзияш апа.
Гүлзияш Әбдірахманова, Ж. Әбдірахмановтың жұбайы:
- Өзімнің ата-анам ерте өмірден өтіп кеткен. Бірақ Жайылдың әкесі, 2 шешесі болды. 2 шешенің бірі – нағашы апасы. Жалғыз басты болған соң біздің қолымызда тұрды. Сол кісілердің батасы болар, біздің жақсы өмір сүргеніміз. Бала-шағаның қызығын көр деп көп айтатын. 51 жылда екеуіміз жақсы өмір сүрдік. Екеуіміз бір-бірімізге ризамыз.
Жайыл ата мен Гүлзияш апа 4 бала тәрбиелеп, олардан немере сүйіп отыр. Ұл-қыздары қалада тұруға шақырса да отбасының көшкісі жоқ. Себебі туған жерден алыстағысы келмейді. Отағасы ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Сондықтан амбулатория салынып, жолы жөнделіп жатқан ауылдағы қоғамдық шараларға белсене араласады. Қайраты қайтқанша елге қызмет етуді азаматтық парыз санайды.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.