Саран қаласы жылыту маусымына дайын ба?

Саран қаласындағы бірнеше үй қыста жылусыз қалуы мүмкін.

Қазандық иесі тұрғындардың қарызы көбейген соң жұмыс істеуден бас тартқан.

Қазір нысан қаңырап бос тұр. Қазанның 1 күні өңірде жылу маусымы басталады. Енді мәселені жергілікті билік қалай шешпек, суық түскенше жылу беріп үлгере ме?

Қысқа дайындығымыз осы міне. Бірінші октябрь жақындап қалды, мынаның бәрі разобранный, не светі жоқ, не суы жоқ. 

200 пәтерді жылумен қамтамасыз етіп келген қазандықтың қазіргі күйі осы. Қаңырап бос тұр. Қондырғылардың кейбірін ескі қожайыны алып кеткен. Енді тұрғындар қыста жылусыз қаламыз ба деп алаңдаулы. 

Қален Сейілбеков, қала тұрғыны:

- Мынаның бәрін жасау керек. Опрессовка жасау керек. Одан кейін мына трассаның бәрі іріп-шіріп жатыр. Одан әлі ағады. Оның бәрін білмеймін қалай востоновитетінін. Енді біз жаз бойы қақсап келе жатырмыз. Міне әлі результат жоқ. 

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қазандықтың қожайыны жұмыс істеуден үзілді-кесілді бас тартқан. Себебі тұрғындардың жылуға берешегі 900 мың теңгеден асыпты. 

Ғабиден Ахметов, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Халық ақшаларын төлемейді. Жыл сайын 800-900, 700 мың қарыз қалып қояды әрбір услогодательға. Содан кейін жыл сайын ауысып отырады. Бүгіннен бастап жылу беруші осы котельныйда ТОО Саран теплосервис болады. Қазір қазандықтардың ревизиясын өткізеді. Халықты жылусыз қалдырмаймыз. 

Өңірде қазанның 1 күні жылыту маусымы басталады. Кәсіпкер ол мерзімге дейін қазандықты іске қосып үлгермейтінін ашық айтып отыр. Дегенмен, суық түскенше жылуды береміз, - дейді. 

Роман Бузмаков, "Сарантеплосервис"  ЖШС Бас директорының міндетін атқарушы:

- Қазандықтарды айырбастамаймыз, былтыр ғана орнатылған, әлі жұмыс істеп тұр. Тек жақсылап тексеріп, тазалау керек. Қосымша кейбір қондырғыларды сатып алу қажет. Көмір түсіреміз. Содан кейін ғана құбырларға су жібере бастаймыз. Бұл әрине бір апталық жұмыс емес. Дегенмен мүмкіндігінше жылдам атқаруға тырысамыз. 

Саран орталықтандырылған жылыту жүйесі жоқ еліміздегі жалғыз қала. 42 мыңға жуық халқы бар елді-мекенді қазір дәл осындай ірілі-ұсақты 51 қазандық жылытып отыр. Ондағы ескірген қондырғылар жиі істен шығып, жұртты әбігерге салады. Ол аздай құбырлардан шыққан қою қара түтін қолқаны қабады. Осыны ескерген жергілікті билік қаладан жырақ жерде орталық қазандық салуды ұйғарған болатын. Алайда 12 жыл бұрын басталған сақалды құрылыс әлі бітер емес. Әкімдік өкілдері келесі жылы іске қосамыз деп уәде беріп отыр.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар