Қорғаныс министрлігі журналистерге әскери дискурс ұйымдастырды
Әлемде 67 журналист қаза тапқан.
Бұл – бір ғана былтырғы жылдағы оқыс оқиға. Халықаралық журналистер федерациясы осылай деп дабыл қағып отыр. Тілшілік тіршілікте жүргеннен кейін көрерменге ақпарат жеткізу – басты міндет. Бірақ осындай қауіпті аймақтарда жұмыс істеу кезінде бақ қызметкерлері қандай ережелерді сақтауы тиіс? Осыны түсіндіру үшін Қорғаныс министрлігі «Экстремалды журналистика» атты, әскери дискурс ұйымдастырды.
Тілшілік тірліктің арқалаған жүгі ауыр. Әсіресе төтенше жағдай, қарулы қақтығыс болып жатқан аймақта хабар тарататын болса, тіпті қиын. Мұндай сәтте ең бастысы ұтымды репортаж әзірлеу емес, бастың амандығын ойлау қажет, - дейді әскери дәрігер Иван Бойко. Тәжірибелі маман журналистерге қауіпті аймақтарда алғашқы медициналық көмек көрсетудің әдіс-тәсілін үйретті.
Иван Бойко, әскери дәрігер:
- Алғашқы медициналық көмек көрсетуді әрбір азамат білуі тиіс. Өйткені кез келгеніміз түрлі жағдайларға тап болуымыз мүмкін. Ал әскери журналист әлемнің қауіпті аймақтарына іссапарға жіберіледі. Сондықтан бұл тәсілдерді олар жаттап алуы керек.
Әскери дискурс барысында білікті мамандар лекция оқып қана қоймай, қауіпті аймақтарда хабар таратудың қаншалықты қиын екендігін іс жүзінде де көрсетті.
Арнайы мақсаттағы күштер командасының жауынгерлері бір топ тілшіні тұтқынға алып, тергеу ұйымдастырды. Осылайша, сарбаздар әскери журналистің қауіпті аймақтарда қандай оқыс оқиғаларға тап болуы мүмкін екендігін көрсетіп, тұтқынға түскен жағдайда өз-өзін қалай ұстау керектігін көрсетті.
Тағы бір күтпеген оқиға далалық жағдайда болды. Бір топ журналист мінген көлікке лаңкестер шабуыл жасады.
Риат Шони, тілші:
- Қаруланған жасақ бізге шабуыл жасап жатыр. Өздеріңіз көрсеңіздер болады.
Бізге қашуға бұйрық берілді. Мінекей, біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп келе жатқан арнайы жасақ жігіттері. Осылардың артына тығылу керек.
Қауіпсіз аймаққа апарар жол да оңай болмады. Қашықтық шамамен 2,5 шақырым. Былай алыс болмағанымен, жолда біз білмейтін кедергі көп екен.
Әскери журналистің тірлігі осындай. Қауіпті аймақта жұмыс істесең кез келген оқыс оқиғаға тап болады. Алда әлі мина болуы мүмкін.
Миналар қойылған жолақ шамамен 60 метр. Оны еңсеріп өту ұзаққа созылды. Өйткені жолда қалың бұтақ үйіліп жатыр. Арасында әдейі қылға байланған гранаталар кездеседі. Абайсызда аяқтың ұшы тиіп кетсе, күлің көкке ұшады.
Қорғаныс министрлігі арнайы ұйымдастырған дискурс барысында қарулы топтың шабуылына төтеп беру, жараланған сарбазға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, атыс аймағынан аман алып шығу сынды іс-әрекеттер пысықталды.
Шындығын айту керек, жаралы сарбазды қауіпсіз аймаққа шығару оңайға соққан жоқ. «Байтал түгіл бас қайғы» деген мәтел осындайда туса керек. Арнайы ұйымдастырылған жаттығу болғандықтан, тапсырма орындалды.
Арнайы мақсаттағы күштер командасының нұсқаушысы:
- Не көрсеткіміз келді? Бірінші көрсеткіміз келгені, өте қысқа мерзімнің ішінде кез келген адамды психологиялық тұрғыда әлсіретуге болады. Кішкентай қателіктер болды. Жаңа көрсеттік барлығын. Енді болашақта сенемін бұндай қателіктер болмайтындығына. Бұндай қателік өздеріңіздің өмірлеріңізге қауіп төндіруі мүмкін. Соны ұмытпаңыздар.
Риат Шони, тілші:
- Осымен журналистерге ұйымдастырылған әскери дискурс өз аяғына жетті. Бұл жаттығу барысында ұғынғанымыз ең бірінші тәртіп, ол қандай да бір материал адамның өмірімен тең келмейді. Яғни, қауіпсіздік бірінші орында. Журналист қарулы қақтығыс болып жатқан жерде қолына қару алмауы керек. Журналистің қаруы – ол микрофон мен қалам.
Авторы: Риат Шони.