Қариялар халқымыздың ән-күй өнерін дәріптеп жүр
Қарияларды қазынаға теңеуіміз бекер емес.
Елордадағы «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің мүшелері жанарының суалғанына қарамастан халқымыздың ән-күй өнерін дәріптеп жүр. Сонысымен жас ұрпаққа үлгі.
«Шұғыла» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Елордада шығармашылық кеш өткізеді. Қариялар қазірден тынғылықты дайындалып жатыр. Арагідік денсаулығы сыр беретіндері де бар. Соған қарамастан ортасынан қалмауға тырысады.
Бақытжамал Кәрібаева, «Шұғыла» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
- Апаларымыз, ағаларымыз өте белсенді. Күтім үйден, көңіл бізден. Шүйіркелесіп, отырыс жасаймыз. Ең үлкеніміз 85-те. Үлкен ағамыз.
Келесі жылы қоғамдық бірлестікке 5 жыл толады. Қазір мұнда 50 адам мүше. Бәрінің жанары суалған. Әйтсе де дәуренінің тас қараңғылықта өтіп жатқанына өкінбейді. Себебі жүректегі жалын сөнген жоқ. Көкірек сайрап тұр. Өздері домбыра оркестрін құрып алған, брайль әліпбиінде араб тілін үйреніп жатыр. Ұсақ моншақтан бұйым жасайды.
Бақытгүл Ақышева, бисер үйірмесінің жетекшісі:
- Міне, қараңыз, заттарына, тігістеріне. Көйлектерді өрнектеп бисермен, қолдарынан келеді екен. Көңіл күйлері көтеріледі бірден. Екіншіден, жаман ойдан кетеді, депрессиядан шығады. Сондай жәрдемі бар.
Қарттар қарап отырмайды әйтеуір. Биыл тіпті актерлік шеберліктерін де шыңдауға бел буыпты.
Репертуардағы танымал ән-күйлер, осылайша драмалық туындылармен толығып жатыр.
Бақытжамал Кәрібаева, «Шұғыла» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
- Биыл біз хор аштық. Өте «профессионал» өзі. 20-30 адам болды. Аппаратура алдық. Жеке дауыста әншілеріміз бар. Домбырада ән айтады. Осының бәрін баянистіміз қарап, қабылдап, жүргізеді. Бұрын қолға алмаған домбырашыларды үйретіп жатыр. Ансамбліміз үлкейіп жатыр. Ұстазымыз – Ботагөз деген қызымыз.
Зиялы болмыс, сара сөз, кіршіксіз көңіл. «Шұғыла» қоғамдық бірлестігінің әр мүшесінің бойынан табылатын ізгі қасиет – бұл. Қариялар уақытты тиімсіз өткізбеуге тырысады. Шұғылалы қарттарымыздың бұл әдеті көпке өнеге екені даусыз.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Серік Қоңырбаев.