Қостанайлық диқандар киік атуға рұқсат сұрап отыр
Себебі, мыңдаған гектар шабындық пен егіс алқабын ақбөкендер тып-типыл қылды.
Биыл еліміздің бірнеше өңірінде 120 мың гектардан астам алқап бүлінді. Келген шығын 12 млрд теңгеден асады.
Биыл Қостанайда 23 мың гектар егін алқабын дала жануарлары таптап кеткен. Киік көшінен зиян шеккен аумақтың көбі Қамысты ауданына тиесілі. Диқандар «мұндай жағдай бірінші рет емес» дейді.
Жандос Нұржанов, қамысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Киіктер ауданға қарасты Аралкөл, Клочков, Алтынсарин және Талдыкөл секілді 4 ауылдық округ аумағында жайылды. Шамамен 14 мың гектар аумаққа зиян келді.
Қамысты ауданының шаруалары ала жаздай егін алқабын киіктен қорыған. Борис Князевке тиесілі егінжайды бірнеше бригада кезекпен күзеткен. Соның өзінде 4 алқапты аман алып қалу мүмкін болмаған.
Борис Князев, шаруа:
- Бірнеше алқап тып-типыл болды. 400 гектар егінді түп-тамырымен жеп кетті. Тағы 1000 гектар аумақтың 30 пайызына зиян келді. Жобамен мың жарым гектар егінжай киіктердің тұяғына тапталды.
Шығынға батқан шаруалар «мұндай жағдай келер жылы да қайталануы мүмкін, сондықтан, оның алдын алу үшін дала жануарының санын реттеу керек», - дейді
Владимир Шестериков, шаруа:
- Егер киіктерді өндірістік қажеттілік үшін атуға рұқсат берілмеген жағдайда, тым болмаса төтенше жағдай режимін енгізу керек. Себебі, қарапайым шаруалар үшін егінді киіктерден қорғау қиын болып тұр. Жеп отырған қаншама нанымыздан айырылдық.
Фермерлер егін алқабынан бөлек шабындық жерлерді де таптап жатқан ақбөкен санын реттемесе болмайтынын айтады. Дала жануарларының саны шамадан тыс көбейсе, түрлі індет тарап үй жануарларына да жұғуы мүмкін деп отыр.