Елімізде «Келешек» атты жаңа жинақ жүйесі енгізіледі
Балаларыныың біліміне «Келешек» жинақтау жүйесі арқылы қаржы жинағандарға мемлекеттен 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бастапқы капитал беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қаражат ерікті түрде ата-аналар жарнасы және 5-7%-тік жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы есебінен жиналады. Осылайша, бала 18-ге толғанша шотына 3,3 млн теңгеден астам қаржы жинақтауға мүмкіндік бар. Жобаны әзірлеу тетіктері Премьер-министрдің төрағалығымен өткен арнайы штаб отырысында талқыланды. Талапкер грантқа түскен жағдайда ақшаны үй сатып алуға жұмсай алады. «Келешек» жүйесін келесі жылы іске қосу көзделіп отыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Осылайша, жеңілдетілген білім беру несиелерінің интеграциясын ескере отырып, «Келешек» бірыңғай ортақ жинақтау жүйесінде мемлекеттік қолдау шаралары шоғырландырылатын болады. Оқуға түскенше жинақталған қаражат жоғары білімді неғұрлым қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Жастар қолдаудың қосымша шараларына мұқтаж. «Келешек» жүйесі осы мәселелерді шешуге көмектесуі тиіс.