Жетісу облысында «Narko Shekteu Taldykorgan» телеграм-боты құрылды
Жетісу облысында есірткі заттарының заңсыз айналымын тежеу мақсатында «Narko Shekteu Taldykorgan» телеграмм-боты құрылды.
Пилоттық жобаның ерекшелігі – тұрғындар мессенджер арқылы құзырлы органдарға есірткіге қатысты жарнамалар мен геолокациялар, синтетикалық-психотропты заттарды тығатын, тұтынатын орындар және зертханалар туралы ақпарат жібере алады. Есірткі саудалаушылар жарнаманы үдетіп, әлеуметтік желіні кеңінен пайдалана бастаған. Жетісу облысында жыл басынан бері есірткі саудасына қатысты 150-ге жуық қылмыстық іс тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға артқан. «Narko Shekteu» телеграмм-боты Жамбыл мен Жетісу облысында жұмыс істеп тұр.
Азамат Байсаров, облыс прокурорының көмекшісі:
- Әртүрлі заңсыз есірткі заттарын жарнамалау деректері келіп түсіп жатыр. Бұл деректер бойынша облыс прокуратурасы міндетті түрде шара қолданып, кінәлі азаматтарды анықтап, жауапкершілікке тарту мақсатында осындай теле-бот ашылды. Былтыр 106 іс тіркелсе, биыл бұл іс 146-ға өсіп отыр, яғни 40 пайызға өсіп отыр.