БҚО-да таза қанды тазылар көбейіп келеді
Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған, ата дәстүрді ұмытпаған ұстаз.
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Трекин орта мектебінің оқытушысы Нұрлан Мұхтаровты ауылдастары осылай деп таниды. Дене шынықтырудан дәріс беретін 37 жастағы мұғалім сабақтан бос уақытында тұлпар баптап, құмай тазы салумен айналысады.
Тайпақ ауданында дүниеге келген, бүгінде Трекин ауылында тұратын Нұрлан Мұхтаров тұлпар мен тазы десе ішкен асын жерге қоятын жанның бірі. Күні бүгін үйінде 11 тазы асырап отыр. Ішінде өзгелерінен шоқтығы биігі Нөкер деп аталатын мына құмай. Облыстық байқаулар өз алдына, Нөкер 2020 жылы ел чемпионы атаныпты.
Нұрлан Мұхтаров, тазы өсіруші:
- Бала күнімнен көзімді ашқалы үйде тазы бар, тазы мен ат бар. |Ол кезде тазылар қайыңқаптал тазы болды. Мына шашақ құлақ құмай тазы бертін келе осы 2011-ден бастап келді. Бұл Нөкер деген тазы өзім бөлек шыққалы бірінші құмай тазым, бір жасынан бастап жарыстарға қатысты. Жас жарымда облысты ұтты, Қазақстанды ұтты. Құжаттары бар таза қанды деген. Мынау Қаракөз деген қызы.
Саятшылыққа құмарлық Нұрланның бойына қанмен дарыпты. Әкесі Марат ағамыз да жас кезінде ат баптап, аңшылыққа шығып, құмай жүгірткенді жақсы көрген екен. Әлі де әдетін тастамай, үйінде 3 тазы ұстап отыр.
Марат Мұхтаров, Трекин ауылының тұрғыны:
- Сол енді жастарға үлгі болу ғой. Артымыздағы жастарға бойымыздағы, қанымыздағы қазақшылығымызды көрсетсек, одан қор болмайтын болармыз. Қазақ тазы деген бұл итке жатпайды, жеті қазынаның бірі ғой құмай деген аты бар. Ата-бабамыз осы бір тазы бір елді асыраған дейді аштық жылдары.
Қуғанын алатын құмай тазымен аңға шығудың өзі бір ғанибет көрінеді. Жылдамдығы сағатына 70 шақырымға дейін жететін тазылардың ішінде қасқыр алатындары да аз емес. Бүгінде өңірде 300-дей таза қанды тазы бар көрінеді. Ол әрине аз дейді Нұрлан.
Нұрлан Мұхтаров, тазы өсіруші:
- Аңға үнемі дайындаймыз. Күнде спортшы сияқты қараймыз. Бір-екі күн демалады, қалған уақытта тренировка. Басқа иттерге қарағанда таза келеді. Сосын былай жуас болады, адамға зияны жоқ. Бірақ аңға келгенде өжет болып келеді. Басқа елдердің тазылары бар ғой өздерінің. Олардың айырмашылықтары бұлардың өздері іздейді, өздері аңды табады, иісшіл болады.
Құмай тазы жүгіртіп, тұлпар баптайтын ұстазды оқушылары да құрметтейді. Түрлі тәрбие сағаттарында, ұлттық мерекелерде Нұрлан шәкірттерге ұлттық өнеріміз туралы түсіндіруден жалыққан емес.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов