Ақмола облысында бірқатар елді мекенде ұялы байланыс сапасы нашар

Ақмола облысындағы бірқатар елді мекенде ұялы байланыс сапасы нашар. 

Шалғайды айтпағанда, Көкшетаудың іргесіндегі  ауылдардың өзінде байланыс төмен. 

Ғаламтор желісінің жылдамдығы да көңіл көншітпейді. 

Садовый ауылы – облыс орталығынан он шақырым жерде орналасқан. Жергілікті халық бірнеше жылдан бері ұялы байланыс тауқыметін тартып келеді. Ал, соңғы уақытта олар үшін интернетке қосылмақ түгілі, байланысқа шығудың өзі мұңға айналған.

Рахат Арыстанқызы, Cадовый ауылының тұрғыны:

- Байланыс өзі бар. Бірақ сапасы өте нашар. Ешкіммен сөйлесе алмайсың. Балалар былтыр онлайн оқығанда өте қиын болды.

Ерік Құбатаев, Cадовый ауылының тұрғыны:

- Бізде интернет өте нашар. Кей жерлерде мүлдем ұстамайды. Әсіресе балалардың сабағына қиын. Тіпті кейде такси шақыра алмаймыз. Үйдің өзінде интернетті қуалап жүреміз. 

Ал аудан шенеуніктері болса мәселені шешуде дәрменсіздік танытып отыр. Себебі, ұялы байланыс тартарда алдымен елдімекендегі тұрғын саны ескеріледі. Қазір аудан бойынша бұл бағыттағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Есімхан Байғабылов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір 17 бағыт бойынша 30 ауылға интернет тартуды жоспарлап отырмыз. Жоба әлі қарастырылып жатыр. Егер мақұлданса, келер жылы Қарсақ, Троицкое, Ермаковка бағытындағы ауылдарда  жұмыс басталады.

Биыл облыс бойынша жүзге тарта ұялы байланыс антенасын орнату жоспарланған. Әсіресе, халық көп шоғырланған елорда іргесіндегі ауылдарға басымдық беріліп отыр. Бұдан бөлек, ескірген байланыс желілері жаңартылады.

Бауыржан Рапықов, цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы:

- Келесі 2024-2027 жылдар аралығында еліміздегі 3-4 оператор 115-ке тарта елді мекенде өз интернет желілерін модернизациялау жұмыстарын бастайды. Ол да біздің басқармамен келесіліп, қазір ауылдарды анықтау үстіндеміз.

Бүгінде облыс тұрғындарының 87 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш толық жүз пайызға жетеді, дейді жауаптылар. Себебі 2027 жылға дейін «қолжетімді интернет» ұлттық жоба аясында 238 елді мекенге сапалы ғаламтор желісі тартылады деп жоспарланған.

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко