Қазақстанда өндіріске қажет сүт сапасын арттыру маңызды

Елімізге жыл сайын импортталатын 30 мың тонна ірімшік пен сүзбе ішкі нарықтың тең жартысын жауып отыр.

Мамандардың пайымынша, Қазақстанда әлі де өндіріске қажет сүт сапасын арттыру маңызды.

Қазақстандықтар жылына 70 мың тоннадан аса ірімшік пен сүзбе жейді. Оның жартысына жуығы импорттық өнім. Елде сүт тапшы. Салдарынан ішкі нарықты отандық өніммен толық қамту мүмкін болмайтын сияқты.

Владимир Кожевников, Қазақстандағы сүт одағының директоры:

- Дүкендердегі Беларусь, Ресей ірімшіктері жоғары сұрыпты сүттен жасалады. Ал бізде өндіріске қажет сүттің 70 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтардан жиналған. Ол араласқанда сапа бүлінетіні белгілі.

Иә, ірімшікті көпшілік талғап жейді. Талғамнан шығу үшін Александр Брейткрейц сияқты кәсіпкерлер өздері өндіретін сүтті пайдаланады. Қазір ол басқаратын шағын цехта сұранысқа қарай бурата, страчателла, рикота сынды ірімшік түрлері қайнатылады. Сапасы ешкімнен кем емес. Сақтау мерзімі бір аптадан аспайды. Әзірге бұл өнімдерін жергілікті мейрамханалар мен фермерлік дүкендерге ғана өткізіп отыр. Өйткені үлкен сауда желілері бағаны еселеп қоюы мүмкін.

Александр Брейткрейц, кәсіпкер:

- Бәсекенің болуы өсіп-өркендеуімізге мүмкіндік береді. Бірақ Беларусь пен Украинадан келіп жатқан ірімшіктер біздің нарықтағы орнымызға кесірін тигізіп тұр. Өйткені адамдар арзанырақ өнімді таңдайтын заман болды. Ал бір келі моцареллаға біз 13 литр сүт қолданамыз. Оның орташа құны 200-250 теңгеден басталады. Демек, дайын өнім бағасы шамамен 2500 тг көлемінде шығады. Оған жұмысты, логистиканы, қаптау мен таратуды қосыңыз. Көріп тұрғандарыңыздай, пиццаға арналған бұл ірімшікті өндіру кіріс жағынан тиімді емес. Оны өндірмесек, өнімділік түсіп кетеді. 

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Ірімшік өндірісіне сапалы сүтті қолдану маңызды. Елдегі шикі сүт өндіретін қосалқы шаруашылықтарда өнімді сақтау жабдықтары жоқ. Бұл да өндіріске кесірін тигізіп тұр. Мәселені шешу үшін сүт тауарлы фермалардың санын арттыру көзделеді.

Бұл үшін республикалық бюджеттен 213 млрд тг қарастырылған. Оған 3 жылда жүзден аса сүт тауарлы ферма құрылады. Бұл өндірісті арттыруға сеп әрине. Дегенмен, ірімшік өндірушілер субсидиядан кенде қалуы мүмкін. Енді қолдау дайын өнімді ішкі нарықта сатқанын дәлелдеген кәсіпкерге ғана беріледі. 

Владимир Кожевников, Қазақстандағы сүт одағының директоры:

- Биыл енгізілген өзгерістерге сай, субсидия мерзімі шегерілді. Ал ірімшікті бүгін жасасақ, оны үш айдан кейін ғана сата аламыз. Кейде 6, 9 айға дейін кетіп қалады. Осы кезеңде қолдау ақысын ала алмағандықтан, өндіріс қайтадан баяулап қалады деп ойлаймын. Өйткені субсидияның бір бөлігіне біз сүт не құрғақ сүтті алатынбыз. Енді сұранысты несиемен жабуға тура келеді. Меніңше, субсидия тәртібін өзгерткенше, өндірістегі бақылауды күшейткен дұрыс еді.

Ал құзырлы министрлік енгізілген өзгерістер арқылы ішкі нарықта импортқа тәуелді өнім үлесі азаяды деп сенеді. 

Сұлтан Темірболатов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің сарапшысы:

- Өңдеуші кәсіпорындар үшін шикізат сатып алу үшін кеткен шығындар субсидияланады. Қатты ірімшік өндіру үшін. 22 жылы 4,8 мың тонна ірімшік өндіру үшін 2 млрд теңге ақша бөлінді.  

Десе де нарықта Ресей, Беларусь, Украина өнімдері көп. Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы ішкі өндірісті арттыру үшін біздегі мемлекеттік қолдауды бәсекелес елдермен тең деңгейде көрсету керек дейді. Әзірге оның үлесі 5 пайыз шамасында.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Бағдат Қайыркен