Елдегі жылу орталықтарының жай-күйі қалай?
Елде жылу беру маусымы басталды. Дегенмен көптің көңілінде алаң бар.
Қыстың көзі қырауда жылусыз қалған Екібастұз бен Риддер халқы дайындық барысына күмәнмен қарап отыр. Өзге өңірлердегі ағайын да жергілікті атқамінерлердің жауабына сеніңкіремейді. Бұқараның бұйымтайын Мәжіліс депутаттары Үкіметке жеткізді. Төменгі палатаның жалпы отырысында жылу электр орталықтарының жай-күйі жан-жақты талқыланды.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Жаз бойы Мәжіліс депутаттары ел арасына шығып, халықпен кездесті. 900 елді мекенге барып, 1800-ден астам кездесу өткізді. Бұл жиындарға 43 мыңның шамасында сайлаушы қатысқан екен. Бұқара тарапынан жайылымдық жер, су тапшылығы, ауызсумен қамту мәселесімен қатар жылу орталықтарының жай-күйіне қатысты жиі шағым айтылған. Бұл проблеманың қоғамда өткір тұрғанынан болар, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ең алдымен осы мәселені көтерді.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жылу беру маусымы әлі басталған жоқ, бірақ әлден апаттар орын алып жатыр. Жақында Теміртау мен Қарағандыдағы жылу тораптарына бардық. Ашығын айтайық, дайындық барысына көңіліміз толмады. АрселорМитталға қарасты 2-ші жылу орталығындағы 4-ші қазандықтың жөндеу жұмыстары созылып кетті. Ал 7-ші қазандық құрылысы жыл соңында тәмамдалмақ. Сонымен қатар 4 қазандықтың қажетті жабдықтары жеткізілмеген. Қарағандыдағы 3-ші жылу орталығындағы апаттың салдарынан бүкіл қала жарықсыз қалғанын білеміз. Салғырттықтан Екібастұздағы жағдай қайталануы мүмкін.
Бүгінде жылыту маусымына дайындыққа Үкімет резервінен Екібастұз, Риддер, Рудный, Степногорск, Көкшетау, Ақтау мен Семей, Павлодар қалаларына 55 млрд теңге бөлінді. Алайда депутаттардың айтуынша, өңірлердегі ахуал күрделі.
Ажар Сағандықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Петропавл, Риддер және Екібастұз қалаларындағы кездесулерде тұрғындар жылу орталықтарының жағдайына алаңдайтындарын жеткізді. Бұл мақсатта Үкімет резервінен 7 млрд теңге бөлінгені белгілі. Біз тамыз айында жөндеу жұмыстары айтарлықтай кешігіп жатқанын білдік. Екібастұздағы жылу желілері қыркүйек айындағы қысымды көтере алмай, жарылды. Петропавлдағы қазандықтың орталық мұржасы қисық салынды. Қазір өңір тұрғындары қыста жылусыз қаламыз ба деп үрейленіп отыр.
Халықтың алаңдауы бекер емес. Өйткені әлі күнге дейін бірқатар аймақта жылу берілмеген.
Елнұр Бейсембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Энергетика министрі бүгін немесе ертең басталатын жылу беру маусымына дайынбыз дейді. Риддер, Екібастұз бен Қарағандыда жылу беру маусымы кеше басталып кеткен. Ал солтүстік аймақтарда жылу электр орталықтары әлі іске қосылған жоқ. Басқасын айтпай-ақ қояйын, 7 өңірдегі 9 жылу электр орталығының халі мүшкіл.
Депутаттар батыстағы энергетикалық қауіпсіздікке алаңдаулы. Биыл Маңғыстау атом электр комбинатында бірнеше апат болғаны белгілі. Атырау мен Маңғыстау облыстары жарықсыз қалып, өндіріс ошақтары тоқтап қалды. Апаттан кейін комбинаттан 6,8 млрд теңге, Үкімет резервінен 4,9 млрд теңге бөлінді. Алайда кәсіпорынның қазіргі жағдайы мәз емес.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Республикалық бюджеттің үкімет резервінен бөлінген 4,9 млрд теңге толық игерілді ме? Игерілмесе, не себептен? Егер МАЭК-те тағы да апаттық жағдай орын алса, қуатты қайдан аласыздар? Төртінші сұрақ: Маңғыстауды жарты халқын сумен, жылумен және батыс өңірді электр энергиясымен қамтып отырған, жаңалауға және жөндеуге жергілікті бюджеттің күші жетпейтін Маңғыстау комбинаты республикалық меншіктен жергілікті меншікке берген дұрыс болды ма? Бұл жеке мүддесін ойлап жүрген топтардың жобасы емес пе?
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Қаржы әлі толық игерілген жоқ. 1-ші орталық қазір дайын. 2-ші орталықтағы жұмыстар 30 қазанда аяқталуы тиіс. Батыс өңірінің энергетикалық қауіпсіздігіне келер болсақ, бүгінде кешенді іс-шаралар қолға алынды. Соның аясында ұлттық электр желісі күшейтіледі. Нәтижесінде электр тасымалдау қуаты 100 мегаватқа артады. Ал комбинаттың келешегі алдағы уақытта айқындалады. МАЭК «Қазатомөнеркәсіп» компаниясын ІРО-ға дайындау барысында жергілікті әкімдікке берілген еді. Енді әкімдіктің ұсынысына сәйкес шешім қабылданады.
Қыс қыр астында. Елдегі жылу электр орталықтарының орташа тозу деңгейі – 66%. Тіпті 90%-тен асып, өлместің күнін көріп отырғандар да бар. Үкімет саланың ауған жүгін түзеуге тырысып жатыр. Инвестиция тартып, арнайы бағдарламасын қабылдады. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Наурызбай Құрманғазы.