Қазақстанда 300-ден астам медициналық нысан салынып жатыр

Оның басым бөлігі ауылдарда бой көтереді.

Кешенді жоспар аясында Қызылорда облысының 27 елді мекенінде емхана мәселесі шешімін табады. Арал ауданының шалғайындағы 30-ға жуық түтіні бар Жалғызағым стансасына биыл жаңа медициналық бекет салынды. Бұған дейін ауылдықтар аудан орталығына қатынауға мәжбүр болды. Жыл соңына дейін ауданда, тағы 2 ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталады. Бұл нысандар Бөген және Қызылжар елді мекендерінен ашылады.

Бауыржан Қуанышбаев, Арал аудандық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:

- 2024 жылға жоспарланып отырған 2 құрылыс бар аудандық аурухананың жанынан. Ол жапсаржай, жапсаржайда кардиологиялық және нейрореабилитациялық бөлімшелер ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар магнитті-резонансты томографиялық аппаратын құру және ангиограф аппаратын орнату. Бұл құрылғылар орнатылған жағдайда халық сол тексерулерден өту үшін облыс орталығына баруды қажет етпейді.