Еліміздің 230 мыңнан астам азаматы үй кезегінен шығарылады
Бұл туралы брифинг барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, кезекте тұрған азаматтардың заң талаптарына сәйкестігіне талдауды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ЦДИАӨМ-мен бірлесіп жүргізген.
Талдау көрсеткендей, соңғы 5 жылда кезекте тұрған 96,1 мың адам тұрғын үйге ие болса, 91,4 мың азаматтың тіркелген орны кезекте тұрған аймаққа сәйкес келмеген. 29 мыңы мүлде тіркеуде жоқ, ал кезекте тұрған 15,6 мың адам қайтыс болғандар тізімінде тұр.
Әкімдіктер сәйкес келмейтін азаматтарды кезектен шығаруға кірісті.
Сондай-ақ, бұл шаралар тұрғын үйге шынымен мұқтаж азаматтарды ілгерілетуге әкелетіні атап өтілді.
Әділ қоғам құру үшін шынымен мұқтаж азаматтарға мемлекеттік көмек көрсету өте маңызды. Сондықтан баспанаға мұқтаж азаматтар ғана кезекте тұруы керек, - деді министр.
Сонымен қатар, Қанат Шарлапаев азаматтарды заңды негізсіз кезектен мүлдем алып тастау болмайды деп мәлімдеді. Бастапқы мониторинг деректері қосымша тексерілетін болады.
ҚР ӨҚМ Құрылыс істері және ТКШ комитетінің деректері бойынша бүгінгі күні кезекте тұрғандар тізімінен 11,5 мың адам шығарылды.