Дәрігерлер «Жүрек скринингінен» тұрақты түрде өтіп тұруға кеңес береді
Жүрек-қан тамырлары аурулары әлемнің көптеген елінде денсаулық сақтау саласының басты проблемасына айналып отыр.
Бұл мәселе Қазақстанда да өзекті. Әртүрлі дерттен болатын өлім-жітімнің 55 процентіне дейін осы жүрек-қан тамырлары аурымен байланысты. Асқынса емдеу қиын. Сондықтан дәрігерлер «Жүрек скринингінен» тұрақты түрде өтіп тұруға кеңес береді.
Александр Фролов Жетісу облысы, Қабанбай батыр ауылының тұрғыны. Қазір Алматы кардиологиялық орталығында емделіп жатыр. Жасы 40-та. Жүк көлігінің жүргізушісі. Алматыға тауар әкеліп, енді үйге қайтам деп отырғанда жүрегі сыр беріпті.
Александр Фролов, емделуші:
- Мына жерде кеудем күйіп, сол скорый шақырып алдым. Скорый келді оперативно. Осы жерге алып келді. Кардиограмма түсірді, УЗИ түсірді. Ертесінде коронарография жасады, стенд қойылды. Ол да оперативно болды. Ішті жақсы жасады. Бәріне риза болдым шынын айтқанда. Осылай жағдай.
Александрдың палатадағы көршісі Мықтыбай Шомановтыңда жүрегіне стенд қойылыпты. Мықтыбай аға да жүк көлігін айдайды. Ішім аздап ауыратын, асқазаным болар,-деп ойладым дейді.
Мықтыбай Шоманов, емделуші:
- Қазір жасымыз келсе де семьямызды бағып алыс қалаларға жүк тасып сонымен айналысамын. Жеңіл-желпі дәрі ішіп жолға шығып кете беретінмін. Осы жолы Астанадан Алматыға келе жатып Қарағандыдан өткен соң Ақсу-Аюлы дейтін ауылдың жанына жетпей жүрегім қысылып отырып қалдым жолдың бойында.
Кардиолог дәрігерлер бүгінде инфаркт миокардының жасарып бара жатқанын айтады. Бұрын егде адамдарда кездесетін ауру, қазір қырықтан асқандарды да мазалап жүр.
Ақбота Байдиллаева, қалалық кардиология орталығының кардиолог дәрігері:
- Кардиолог дәрігер ретінде осы инфаркт миокардының алдын алу үшін егер науқастарды жүрек тұсының ауру сезімі мазаласа физикалық жүктемеден кейін, ентігу күшейіп жатса міндетті түрде өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша дәрігерге барып ЭКГ түсіріп, ЭХО жасап, сонымен қатар холестирин құрамын зерттеп, дәрігердің кеңесінде болған дұрыс деп санаймын.
Жүрек-қан тамырлары ауруына әкелетін негізгі факторлар-қан қысымының артуы, холестериннің тым көбеюуі. Ауыр стресс, дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы да қоздырады. Жүрегім ауырмасын десеңіз осы жәйттерді ескерген жөн. Бұл дерттен келетін өлім-жітімді азайтуға мемлекет ерекше көңіл бөліп отыр. Ел аумағында 40 пен 70 жас аралығындағы азаматтар жылына бір рет тегін скринингтен өтуі тиіс.
Татьяна Слажнева, салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының өкілі:
- Бұл аурудың белгілерін ерте кезде анықтауға мүмкіндік береді. Біздің тұрғындардың: Скринингтен өтсем де, өтпесем де өзім білем деуі,-қате пікір. Бұл - мемлекеттің тұрақты дамуы үшін қажет. Бұған ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлшегі ретінде қарау керек. Қоғамның әл-ауқаты адам капиталымен байланысты. Осыны адамдардың бойына бала кезден сіңірсек ауыр дертті азайта аламыз.
Александрдың да, Мықтыбай ағаның да жолы болып операция сәтті өтті. Қазір жағдайлары бірқалыпты. Бірнеше күннен соң үйлеріне шығады
Александр Фролов, емделуші:
- Бүгін үшінші күн. Енді он күн жататын шығармын. Солай айтты. Осылай жағдай.
Мықтыбай Шоманов, емделуші:
- Қазіргі заман деген медицина заманы ғой. Бәріміз уақтысында қаралуымыз керек екен.
Расында, дүниенің түбіне жеткен кім бар дейсіз. Денсаулықты-барында бағалай білейік.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сұлтан Бейсекенов