Өскемендегі экоорталық жаңа жабдықтармен толықты

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапхана жанындағы экоорталық жаңа жабдықтармен толықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді қаладағы 66 мектептің оқушылары ауадағы зиянды қалдықтардың мөлшерін өлшеп үйренеді. Бұдан бөлек ауа мен судан сынама алып, зерттеулер жүргізе алады.

12-13 жастағы оқушылар әлден-ақ экологиядан практикалық тапсырмаларды орындап жатыр. Осылайша, өндірісті өлкенің өрендері ауадағы зиянды қалдықтардың мөлшерін анықтап, оны тазарту жолдарын іздейді. Бұдан өзге, топырақ сынамалары мен ағаш бұталарының құрамын арнайы зертханада зерделейтін болады. 

Борис Щербаков, профессор, биология ғылымдарының кандидаты:

- Қазір экологиялық тәрбие мәселесі өте өзекті. Тіпті оқыту бағдарламасына да енген. Бірақ оның барлығы виртуалды тұрғыда жүргізіледі. Бізге іс жүзінде көрсету керек. Балалар көзімен көріп, қолымен ұстап көрсе, оның пайдасы зор болады.

Қазір экоүйге автоус керек болып тұр. Себебі оқушылардың қауіпсіз жүріп-тұруы маңызды. Бұған да демеушілер мен жергілікті билік көмек қолын созады деген ниетте. Ал қайырымды жандар алып берген 3D принтер мен сандық құрылғылар қазірдің өзінде қажетке жарап тұр.

Арыстан Тоқтархан, оқушы:

- Мен көп нәрсеге үйрендім. Бізге осы жерде айтты экологияны қорғау керек, себебі осы жердегі жануарлар да, өсімдіктер де жойылып бара жатыр. Сондықтанда оларды таптамай, өлтірмей, оларға зиянды заттар келтірмеуіміз керек.

«Жасыл үй» жұмысы өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ ғалым Борис Щербаковтың арқасында «Шығыс Қазақстанның Қызыл кітабы» атты тұңғыш электронды қор құрылып, экологиялық сабақтар, таныстырылымдар мен кездесулер жүйелі түрде ұйымдастырылмақ. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Вячеслав Ветлугин , Дмитрий Пыхтин.