Қарағанды облысында 13 шақырым жылу құбыры ауыстырылды
Қарағанды облысының Абай ауданында биыл 13 шақырымға жуық жылу құбыры ауыстырылды.
Оның екі шақырымы аудан орталығына баратын маңызды бөлігі. Себебі былтыр мұнда апат жиілеп, қала тұрғындары жылусыз қалған. Биыл бұған жол берілмейді деп сендірді жергілікті билік өкілері.
Абай қаласының тұрғындары өткен қысты мұңмен еске алады. Көптеген пәтерде сынап бағанасы тиісті нормаға жетпеген. Былтырғы шағымдар ескеріліп енді қала ішіндегі апатты деген 3 шақырым құбыр ауыстырылды.
Қанат Жәкенов, Абай қаласының тұрғыны:
- Нашарлау болды, көрінген жерден труба жарылады. Былтыр кішкене салқындау болған қазір енді биыл жаман емес, өте жақсы. Мынаның бәрін айырбастаған, трубалардың бәрін жаңадан салды.
Аудан орталығында 30 мың адам тұрады. Мұндағы жылыту жүйесі ел аумағында теңдессіз саналады. Ол 20 шақырым қашықтағы Топар кентінің энергия станциясынан жеткізіледі. Мынау алып құбырлар 40 жылға жуық жөндеу көрмеген. Тозығы жеткен тораптар жылу сақтаудан қалған.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
– Былтыр Абай қаласының тұрғындарының пәтерінде жылу температурасының тиісті деңгейде болмауының бірден бір себебі ол осы ашық алаңдағы алып құбырлардың жалаңаштанып қалуынан болған. Салдарынан аяз бен жел араласып соққан кезде температура тиісті деңгейден 10-15 градусқа дейін төмендеп кететін. Биыл мамандар бұл жерде кешенді жұмыстар жүргізілгенін айтып отыр.
Азамат Иманбай, Абай ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Облыс және аудан бюджетінен бұл жұмыстарға 1,6 млрд теңге бөлінді. Ең негізгі жылу магистралінен 2 шақырым құбырды ауыстырдық. Сондай-ақ 12 шақырым құбырды жылу сақтағыш материалдармен орадық. Бұл өте маңызды. Енді аязды күндері ысырап болатын жылу мөлшері айтарлықтай азаяды.
Суық күндері энергия орталығынан шыққан қайнаған суды құбыр арқылы айдайтын 3 сорғы станциясы бар. Ондағы алып крандар да ауыстырылды. Себебі ескілері тот басып, жарамсыз күйге түскен. Жалпы жылу тасымалдаушы орын биыл ішкі қаржы есебінен ағымдағы жұмыстар жүргізілгенін айтады.
Еркебұлан Балтабеков, жылу жүйелерінің бас инженері:
- Биылғы жылы Ермеков көшесінде 2 шақырым айырбасталды ғой. Оның өзі өте жақсы болды. Біздің кішкене уайым азаяды. Өткен жылдары онда ақаулар болып жатты. Ол бір көшені ғана емес 3кварталда жылу тоқтап қалатын. Енді ондай жағдай болмайды.
Абай қаласында орталық жылуға 252 көп қабатты үй мен 1100 жеке сектор қосылған. Келер жылы 3 шақырым құбырды жаңартуға тағы 1,8 млрд теңге сұралған. Егер ол қанағаттандырылса, барлық құбырды кезең-кезеңмен ауыстыру жоспары бар.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар