БҚО-дағы ветеринарларға жаңа көлік берілді
Батыс Қазақстан облысында ветеринария саласын дамытуға басымдық беріледі.
Бұл бағытта бөлінетін қаражат көлемі де жыл санап ұлғайып келеді. Өз кезегінде ветеринарлық станциялардың техникалық әлеуеті жақсара бастады. Республика күні қарсаңында оларға жаңа қызметтік көліктер табыс етілді.
Жайық өңірі экономикасының негізгі тірегі - мал шаруашылығы. Сондықтан жергілікті ветеринар мамандарға артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Сала қызметкерлері жиі жолға шығып, алыс-жақын ауылдарды аралайды. Олардың қатынауына қолайлы болу үшін жаңа 18 көлік берілді. Оған облыс бюджетінен 235 млн теңге бөлінді.
Қажымұқан Арыстанов, ветеринарлық станцияның көлік жүргізушісі:
- Жаңақала ауданынан келіп тұрмын. 3 жылдай уақыт болды жұмыс жасағаныма. Машинамыз жоқ емес, бар. Көлігіміз ескірді. Қазір мынау жаңа темір тұлпар беріп жатыр астымызға. Қуаныштымыз.
Өңірде 13 ветеринарлық станция бар. Әрқайсының техникалық базасы жыл сайын жаңарып келеді. Биыл осы салаға 2,6 млрд теңге бағытталды. Бұл былтырмен салыстырған 12 пайызға артық.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Қазақстан бойынша ірі қара малдарының ең көп саны осы біздің облысқа тиесілі. Сондықтан мал шаруашылығы бойынша мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бар. Биыл Қазақстан халқына Жолдауында да айтып жатыр. Осыған байланысты қазір енді тиімді жұмыс істеу үшін оларға жағдай туғызуымыз керек. Бұл салаға қаражатты көбейтпесек, азайтпайтын боламыз.
Ветеринар мамандардың жалақысы биыл 22 пайызға артты. Сонымен қатар еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысы қосылды. Сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы мен техникалық мүмкіндігін арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы жылы да жалғасады, дейді әкімдік өкілдері.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов