Қызылорда – Жезқазған автожолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Оңтүстік өңірлерді орталық Қазақстан және солтүстік аймақпен жалғайтын Қызылорда – Жезқазған автожолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Жыл аяғына дейін 424 шақырымды құрайтын магистральдің 104 шақырымына асфальт жабындысы төселеді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгін 6 лотқа бөлінген трассаны салушы 5 мердігер компанияның жұмысшыларымен кездесіп, құрылыс барысымен танысты.
2 жолақты жолға 3 қабат асфальт жабындысы төселеді. Автотрасса салу барысында 750 адам жұмыспен қамтылып отыр. Аймақ басшысы өңір халқының көпжылғы күткен күре жол құрылысы мемлекет басшысының тікелеу бақылауында екенін жеткізді.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы арнайы іссапармен өңірде болды. Сол кезде осы жол туралы арнайы сұрады. Өйткені өте маңызды екенін айтты. Тек Қызылорда емес Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Ақтөбе облысының бергі аудандары солардың барлығы солтүстік өңірлермен сауда қарым-қатынасын дамытады. Астана қаласына оңтүстіктің өнімдерін әсіресе көкөніс, бақша өнімдерін жеткізуге үлкен мүмкіндік беретінін айтып, осының мерзімінде әрі сапалы орындалуын бізге тапсырды.
Мердігер мекеме басшыларымен кездескен облыс әкімі шетелдік компаниялардың жергілікті жерге тіркеліп, салықты өңірге түсіру керектігін айтты. Сондай-ақ инертті материалдарды жергілікті кәсіпорындардан алуды да ескертті. Жиында жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына жіті мән беру туралы да сөз болды.
Ерұлан Жүнісов, "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ филиал басшысы:
- Өткелдері және су өткелдері тағы басқа жер жұмыстары атқарылып жатыр. Негізгі 2024 жылы біз 4 лот бойынша жұмыстарды бітіруіміз керек. 1 лот 2025 жылы бітіреді деп отырмыз.
Қазір Қызылордадан шыққан жолаушы Астанаға 1 тәулік шамасында жетеді. Автобан аяқталса жол уақыты 11 сағатқа қысқармақ.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев