Ұлытау облысында әлеуметтік қолдау шаралары таныстырылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қолға алынатын пилоттық бағдарламалардың дені Ұлытау облысында жүзеге асырылады.
Бұл туралы министр Светлана Жақыпова Жезқазғанға барған сапарында айтты. Себебі, жаңадан құрылған облысқа жан-жақты қолдау қажет. Ведомство басшысы сондай-ақ өндіріс жұмысшыларымен кездесіп, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін және 55 жасқа толған адамдарға арнайы төлем тағайындау тәртібін таныстырды. Министрдің айтуынша, төлем алатын адам 55 жасқа толуы керек және жұмыс беруші тарапынан бірыңғай зейнетақы қорына 7 жыл бойы жарна аударылып отыруы керек. Тиісті заңға жыл соңына дейін өзгеріс енгізілетін болады. Кездесуде өндірісте жарақат алған азаматтардың да базынасы тыңдалды. Кеншілер қауымын әсіресе өңірдің экологиялық ахуалы мен денсаулық сақтау саласының әлеуеті толғандырады.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Оңалту орталығы, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме салу. Бір сөзбен айтқанда біздің министрліктің құзырындағы барлық мәселе бойынша Ұлытау облысына қолдау білдіреміз.