ҚТЖ жұмысшыларының зейнет жасын төмендету ұсынылды
«Қазақстан темір жолы» қызметкерлерінің зейнеткерлік жасын 55-ке дейін төмендету керек.
Сенатор Геннадий Шиповских осылай дейді. Оның сөзінше, салада әлеуметтік мәселе көп. Депутат министрлік пен өңірлерден алынған ақпарат қабыспайтынын тілге тиек етті. Мысалы, ресми дерек бойынша ең төменгі санаттағы «байланыс және дабыл» мамандарының жалақысы Ақтөбеде 382 мың деп көрсетілсе, мамандар небәрі 200 мың теңге алатынын жеткізген. Геннадий Шиповских теміржол саласындағы қарапайым жұмысшылардың еңбекақысын көтеруді, сондай-ақ тұрғын үй мәселесін шешіп беру қажеттігін айтты.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- «Қазақстан темір жолы» ҰК жылдық табысын, мемлекет тарапынан берілетін субсидияны және инфляцияны ескере отырып, теміржол саласының қарапайым жұмысшыларының жалақысын көтеру керек. Екіншіден, теміржол саласындағы қарапайым жұмысшыларға корпаративтік келісім немесе басқаша тетіктерді қарастыра отырып, 55 немесе 57 жастан зейнетке шығаруды қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, теміржол қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі керек, сондай-ақ бағдарламаның тетіктерін барлық өңірлерге енгізіп, жергілікті атқарушы органдармен нақты алгоритмі жасауды.