Қарағандыда жалған сенім жетегінде жүргендерді тура жолға бағыттайтын арнайы топ бар

Қарағанды облысының дін істері басқармасы жанынан құрылған ақпараттық-түсіндіру тобы жыл басынан бері үш мыңнан астам шара өткізді.

Жалпы саны 150 мың адамды қамтыған. Халық арасында жүргізген сауалнамада өңір тұрғындарының басым көбі мемлекеттің дін саласындағы саясатын қолдайтынын көрсеткен. Облыстағы 15 діни конфессия және этномәдени бірлестік өкілдері дөңгелек үстел басына жиналып, ортақ жұмысты бірге талқылады.

Дін ұстай алсаң - қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің. Қазір діни сауаттылардан бөлек әлеуметтік желіні пайдаланып, теріс тәлім беретіндер көбейіп кетті. Радикалды бағыттағы білім таратуда ғаламтордың қауіпті екенін байқауға болады. Сондықтан облыстық басқарма құрамында 220-ға жуық білікті маман бар арнайы топ құрды. Олар жалған сенім жетегінде жүргендерді тура жолға бағыттайды. 

Мадияр Уахасов, теолог:

- Бұл енді үлкен жұмыс. Біз көптеген мекемелерге барамыз. Оқу орындарына барамыз, жастармен жұмыс істейміз. Неге десеңіз жастардың әрбірінің қолында ұялы телефоны бар. Оның ішінде діни контенттерді көп көреді. Қазір діни уағызшылар да қаптап кетті. Сондықтан олармен профилактикалық жұмыс жасаймыз.

Әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс керек. Бұл күні кеше Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде айтылды. Қарағандының діни қауымдастығы да осы бағытты қолдап отыр.

Жанболат Сектай, облыстық  дін істері басқармасының басшысы:

- Біздің облыста ҚР бар 18 конфессияның 15-і тіркелген. Олардың 280 діни бірлестікпен филиалын құрайды. Солардың барлығының басын бір үстелде қосып, осы қоғамда талқыланып жүрген мәселелерді қарастырамыз. Жалпы мұндағы біздің басты мақсатымыз халықтың құқықтық және діни сауатын арттыру болып табылады.

Шара барысында жыл сайынғы облыстық дебатқа қатысушылар марапатталды. Олар «Бірлік пен келісім Қазақстан қоғамының басты құндылығы» тақырыбында ой қозғаған. Бұл да рухни келісім күніне орайластырылды. Оған ЖОО-нан 12 команда қатысты.

 Дәуренбек Бағдәулетұлы,Сайран Ақамбаев,Зарина Зұлпыхар