Қарағанды-Балқаш автожолының 325 шақырымына асфальт төселді

Қарағанды - Балқаш автожолының барлық төрт жолағына жыл соңына дейін асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді.

Әзірге бұл жұмыстар 325 шақырымды қамтыды.

Қарағанды – Балқаш жолының жалпы ұзындығы 363 шақырымға тең. Мердігер компания бірінші қабатын асфальттауды жалғастырып жатыр. Автобанды бөліп тұратын қоршау мен жол белгілері әлі орнатылған жоқ. Осыған байланысты көлік қозғалысы биыл төрт жолақта бірден ашылмайтын болды. 

Әділбек Айназаров, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ ҚОФ бөлім басшысы:

- Жыл соңына дейін 4 жолақты аяқтап үлгереміз. Жол жабынының төменгі қабаты бойынша. Бірақ 8 айналма жол бар, сондықтан да қауіпсіздік тарапынан біздің ұйғарымымыз бойынша әзірге жыл соңына дейін 2 жолақпен жүру жоспарланып отыр.

Бұл жолдың құрылысы коронавирус пандемиясынан және құрылыс материалдарының қымбаттауынан кешеуілдеп қалған. Әуел бастан жоба 248 миллиард теңгеге бағаланып, кейін 317 млрд теңгеге өсті. Қыруар қаражат жұмсалған жолда анықталған кемшіліктер де аз емес. Төселген жаңа асфальт жабындысының кейбір учаскелері ойылып жатыр. 

Берік Жайсаңбаев, мердігер компанияның жоба жетекшісі:

- Біз осы ақырғы слойдың алдында ол жұмыстардың бәрі түзеледі. Келесі жылдан бастап асфальттың ақырғы слойын саламыз. Сосын абаттандыру, белгілерді қою толығымен бітіріледі.

Жол сапасы ұдайы қадағаланады. Жасалған тексерулер нәтижесінде 475 материалдың 45-і талапқа сай келмеген.

Нұржан Темірханов, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" ҚОФ директоры:

- Оның ішінде төменгі қабаттан колея шығып кетті, оның барлығы жойылады. Сол бағытта жұмыс істелніп жатыр. 45 материал ішінде асфальт бетоннан керн алған, солар өтпей қалды. Тығыздық коэффиценті, суға қанықтығы өтпей қалды. Сол себепті ол жолдар қайтадан алынып салынады.

Қарағанды- Балқаш жолының құрылысы 2024 жылдың соңында толық аяқталуы тиіс. Нысанды мерзімінде тапсыру үшін кейбір жұмыстар екі ауысым бойынша жүріп жатыр. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар