Ұшқыштар өртті сөндіруге көмектеседі
Жамбыл облысының ұшқыштары табиғи өртті АН-2 ұшағымен сөндіруді ел аумағында қолға алуды ұсынып отыр.
Дмитрий Веретков жаңа әдісті польшалық әріптестерінен үйреніп, осы мақсатта өз ұшақтарын қолданып жатыр. Тәжірибелі ұшқыш бірнеше жыл бұрын әуе компаниясын ашып, 20 адамды жұмыспен қамтыған.
Дмитрий Веретков – 20 жылдық жұмыс өтілі бар ұшқыш. Ол осы жылдар ішінде әуе кемесін 7 мың сағат басқарған. Бұл салаға әке жолын қуып келдім дейді. Бірнеше жыл бұрын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 7 АН-2 ұшағын сатып алған. Көбі табиғи өрттерді сөндіруге арналған құрылғылармен жабдықталған. Ұшқын жалынға қарсы су шашатын қордығыны Польшадан алдырып, алғаш елімізде қолданып жүр.
Дмитрий Веретков, әуе компаниясының директоры:
- Дала өртін өшірудің мұндай әдісін министрлікке ұсынған болатынбыз. Енді олар жобаны республика бойынша енгізуді қарастырып жатыр. Жалпы қазіргі сәтте техника өте алмайтын дала немесе орман өрттері тікұшақпен сөндіріледі. Біріншіден, олардың саны аз. Ал елімізде 300-ге жуық АН-2 ұшағы бар. Олар өте маневрлі және суды өте төмен биіктікте қажет жерге дәл шаша алады.
Дмитрийдің әуе компаниясында 20 адам жұмыс істейді. 10-нан аса техникалық қызметкер мен 6 ұшқыш бар. Солардың бірі – 23 жастағы Владимир Фикс. Ол былтыр Азаматтық авиация академиясын аяқтап, осында жұмысқа кірген. 3 айдан бері әуе кемесін өзі басқарады.
Владимир Фикс, ұшқыш:
- Ұшқыш мамандығы бойынша жұмыс табу өте қиын. Жолаушыларды таситын әуе компанияларының талабы өте жоғары әрі жұмыс өтілін сұрайды. Менің жолым болды деп айта аламын. Осында жұмысқа тұрып, шағын ұшақтарды басқарып жүрмін. Мұнда біліктілігімді арттырып, тәжірибе жиған соң үлкен компанияларға есік ашылады деген үміттемін.
Мерей Бает, тілші:
- Біз тұрған АН-2 ұшағы медициналық авиацияда өзінің тиімділігін дәлелдеді. Облыс орталығынан шалғай аудандардардағы науқасқа жедел медициналық көмек қажет бола қалса, ұшақ ұшуға дайын. Мәселен, қазір ақхалаттылар Қордай ауданындағы науқасты облыстық ауруханаға алып келу үшін аттанып барады.
Әуе компаниясы медициналық авияциямен қатар өрт сөндіру және зиянкестерге қарсы алқаптарды химиялық өңдеумен айналысады. Ұшақ жұмысының тиімділігін төтеншеліктер де растап отыр.
Мақсат Әкімбаев, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
- Олардың маңыздылығы пайдасы осы орманды алқаптардың таулы аймақтарда және де құмды аймақтарда және техника өте алмайтын аймақтарға жеке құрамды тез жеткізуге өзінің зор пайдасы бар. Т. Рысқұлов пен Меркі ауданында орман өрті кезінде осы әуе техникалары қолданылып, су тасу арқылы соларға өшіру амалдары қолданылды.
Жамбыл облысының далалы аумағында жыл басынан бері 48 өрт тіркелді. Солардың бірнешеуі ұшақтар көмегімен ауыздықталды. Ал таулы аймақта тұтанған тілсіз жауды тікелей Дмитрий Веретков бастаған ұшқыштар тобы сөндірген еді.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә.