Елде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің 655 нысаны салынады
Алдағы 2 жыл ішінде елде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің 655 нысаны салынады.
Бұл жөнінде елордада өткен медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференция барысында айтылды. Алқалы жиында мамандар саланы ары қарай дамыту жайын қаузап, өз ойларымен бөлісті.
Бұл – әлемдік денсаулық сақтау жүйесінде болған тарихи сәт. 1978 жылы «Алматы декларациясы» қабылданып, бүкіл адамзаттың медицинаға деген көзқарасын өзгертті.
Маңызды құжат саланың дамуына тың серпіліс беріп, әлемде ана мен бала өлімі төмендеді. Жалпы адамның өмір сүру ұзақтығы 10 жылға дейін ұзарды.
Джозеп Фигерас, Еуропалық обсерваторияның Денсаулық сақтау жүйелері мен саясаты жөніндегі өкілі:
- Бұрын медициналық-санитариялық алғашқы көмекті халық тиісті деңгейде қабылдамайтын. Олар дәрігерге алдын-ала қаралғаннан гөрі ауруханаға жатып, ем-дом қабылдағанды жөн деп санаған. Себебі көрсетілетін қызметтің сапасына сенбеді. Бұл үрдісті Алматы декларациясы өзгертті. Кейін Астанада қабылданған құжат осы уақытқа дейін қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп, алғашқы медициналық көмек көрсету технологияларына жаңаша реңк берді. Өйткені Денсаулық сақтау саласындағы проблемалардың 80% осы медициналық санитариялық алғашқы көмектің арқасында алдын алуға болады.
Осыдан 5 жыл бұрын елорда төрінде «Астана декларациясы» қабылданғаннан кейін ауылдарда алғашқы көмек көрсету пунктерінің саны 3 есе артты. Бұдан бөлек цифрлық технологиялар да салаға белсенді түрде енгізіле бастады. Қазір дәрігерге жазылу үшін халық мобильді қосымшаны жиі пайдаланады.
Ребекка Розен, аға клиникалық ғылыми қызметкер:
- Бүгінде Қазақстан – медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсетуде сөзсіз көшбасшы. Біз осы жаһанды жиынға қатыса отырып, сіздердің мамандарыңыздың тәжірибесін көргіміз келеді. Осы бағыттағы әріптестік қызықтырып отыр.
Дегенмен денсаулық сақтау саласында мәселе жоқ емес. Бар. Бұл проблема жаһан елдерінің бәрінде бірдей десе де болады. Бүгінде халықтың басым бөлігі қарапайым екпе алу, профилактикалық шараларға қол жеткізе алмай жүр. Әсіресе ауылдық жерлерде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді дамыту керек.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
- 2-3 жылдың ішінде 150 шақты жылжымалы медициналық комплекстер енгізген болатынбыз. Олар өткен жылдың ішінде 3 мыңнан астам ауылдық мекендерге барып, сәйкесінше көмек көрсетті. Шамамен 1 млн 800 мың көмек. 655 ауылды мекенге медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің объектілері салынады. Кадрлармен қамтамасыз ету ары қарай жалғасады. Сонымен қатар қаржыландыру ары қарай ұлғайтылатын болады.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ауылдық жерлердегі медицинаның сапасын арттыру үшін қосымша мамандар жіберуді көздеп отыр. Яғни, жалпы практика дәрігерлері мен мейірбекелер шалғайдағы елді мекен тұрғындарына қызмет ететін болады. Кадр тарту үшін жергілікті әкімдіктермен бірлесе ынталандыру жағы да қазір қаралып жатыр.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диқанбаев.