Елімізде кардиохирургия саласы дамып келеді
Соңғы жылдары еліміздегі кардиохирургия саласы жақсы дамып келеді.
Он жылдан астам уақыт бұрын медицина саласын дамыту үшін қабылданған мемлекеттік бағдарламаның арқасында ірі қалалар мен аймақтағы орталықтағы клиникалар заманауи құралдармен жабдықталды. Бұл кардиохирург дәрігерлерге жүрек ауруларын емдеудің жаңа тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде мыңдаған адам дертіне шипа тапты.
«Кардиология және ішкі аурулар» ғылыми-зерттеу институты-Қазақстандағы ірі орталықтың бірі. Клиника Алматыда орналасқан. Бұл жерге көбіне ауыр жүрек дертіне шалдыққандар келеді.
Рүстем Төлеутаев, "Кардиология және ішкі аурулар" ҒЗИ кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:
- Тәуелсіздік алғаннан кейін кардиохирургиялық операциялар текқана бір центрда орындалатын болатын. Ал қазіргі кезде әр облыстың орталығында жүрекке деген оталар істеліп жатыр. Енді бірнеше үлкен центрлар бар күрделі ота жасалатын. Оның ішінде біздің институт бар. Енді ең заманауи озық технологиялар барлығы қазір елімізде енгізілген.
Дәрігерлердің айтуынша ең жиі кездесетіні жүректің ишемиялық ауруы. Бұған көбіне ер адамдар шалдығады. Пациенттердің дені кеуде тұсының ауруы, ентігу, тез шаршау секілді алғашқы белгілеріне назар аудармай асқындырып алады. Бұл инфарктқа немесе мүгедектікке әкеледі. Ишемиялық ауру тек операциямен емделеді. Науқастың жүрек тамырына имплант салынып, қан айналымы қалпына келтіріледі. Шетелдік клиникаларда мұндай операцияның құны шамамен 3,5 млн теңге тұрады.
Рүстем Төлеутаев, "Кардиология және ішкі аурулар" ҒЗИ кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:
- Бізде жаңағы шунттау операциялары, стенттау операциялары еркін түрде әр облыстық орталықтарда істелініп жатыр. Барлық операциялар кардиохирургиядағы өте қымбат операциялар болып саналады бүкіл әлемде. Бірақ біздің елімізде өзіміздің Қазақстанның азаматтарына бұл оталарды тегін түрде келіп жасап жатыр.
«Кардиология және ішкі аурулар» ғылыми-зерттеу институтында созылмалы жүрек жетіспеушілігін емдеудің бағдарламасы жасалған. Мұндайда дәрі көмектеспейді. Науқастың өмірін тек жүрек трансплантациясы сақтап қалады. Донорлық ағзаға туабіткен жүрек ауруына шалдыққандарда мұқтаж. Осындай қиын операцияның бірі биыл жазда 23 жастағы жігітке жасалды. Науқасқа ишемиялық инсультқа шалдығып, миы семіп қалған 53 жастағы әйелдің сау жүрегі салынды. Оның ағзасын алуға туыстары келісім берген.
Михаил Воронцов, "Кардиология және ішкі аурулар" ҒЗИ жансақтау бөлімінің меңгерушісі:
- Бұл операция сәтті өтті. Пациент жоспарланған уақытта орнынан тұрып жүре бастады. Емделуші қалпына келіп жатыр. Реабилитациялық кезеңнен өтеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша бүгінгі таңда елімізде 150 азамат жүрек донорына мұқтаж. Сондықтан кардиохирургтар денсаулықты күтіп, ауруды асқындырмауға кеңес береді.
Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Кенже Амраев