Сарапшылар: АЭС Балқаш көліне әсер етпейді

Атом электр станциясы Балқаш көліне әсер етпейді. Сарапшылар бүгін осындай пікірге келді.

Астанада «Атом электр станциясы – энергетикалық қауіпсіздіктің негізі» тақырыбында жиын өтті. Талқылау барысында АЭС-ке жылына 30 миллион текше метр су кететіні айтылды. Бұл – көлдің булану мөлшерінің 0,3%-і. Суға радиация түседі деген де бекер. «Қазақстан атом электр станциялары» компаниясының бас директоры осылай деді. Оның айтуынша, станцияны суытатын су реактормен араласпайды.

Тимур Жантикин, «Қазақстан атом электр станциялары» АҚ бас директоры:

 - Басты мәселе, Балқаш көлі көтеріліп, түсіп тұрады. 1940 жылдан бері су деңгейі өзгеріп келе жатқанын байқадық. Біз осының бәрін ескереміз. Тіпті болмаса, суды мүлде қажет етпейтін технология енгізуді қарастырамыз. Ол, әрине, қымбаттау болады. Есесіне су керек емес.

Жиынға қатысушылар атом электр станциясын салу көрші елдерге энергетика жағынан тәуелді болмауға әрі тарифті арзандатуға ықпал етеді дейді. Оның сыртында, елге осы саланың белді мамандары келеді. Яғни,  АЭС кадрлық әлеуетті арттыруға да септігін тигізбек. Сарапшылар осындай пікірде.