Қазақстанның сот жүйесіндегі реформаларына оң баға берілді
Аргентина астанасы Буэнос-Айресте 100-ден астам мемлекеттің қатысуымен «Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының» конференциясы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ауқымды шараға Қазақстан делегациясын Жоғары Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев бастап барды. Ол еліміздің сот жүйесіндегі жаңа бағыттармен, ауқымды өзгерістермен таныстырды. Шетелдік өкілдер елімізде жүргізіліп жатқан сот жүйесіндегі реформаларға оң бағасын беріп, бірқатар артықшылығына тоқталды. Әсіресе сот ісін жүргізуде жасанды интеллект пен роботтандыру элементтерін қолдану, сондай-ақ цифрландыру жүйесінің жоғары деңгейге жеткенін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстан сотқа цифрлық қолжетімділік бойынша әлемде 4-ші орын алады.
Инес Вайнберг, Буэнос-Айрес жоғары сотының президенті:
- Сот әкімшілігі үнемі өзгеріп отырады, жаңартылып отырады. Жасанды интеллект – бұл жаңа құбылыс және соңғы онжылдықта енгізілді. Біздің міндетіміз – жаңа технологияларды дамыту және жылдам пайдалана білу.
Конференция аясында Қазақстан Сот әкімшілігінің басшысы мен ұйымның Орталық Азия елдері бойынша жетекшісі Наиль Ахметзакировтың кандидатурасы Халықаралық Сот әкімшілігі қауымдастығының вице - президенті лауазымына ұсынылды. Дауыс беру ертең басталады.