Көкшетауда «Халық банк» пен ХҚКО бірлесе жұмыс істейді
Бұдан былай Көкшетауда «Халық банк» пен Халыққа қызмет көрсету орталығы бірлесе жұмыс істейді.
Қос тарап ортақ жобаны осы айдан бастап жүзеге асырған. Яғни жергілікті тұрғындардың мемлекеттік әрі банк қызметін бір жерден алуға мүмкіндігі бар.
Бұл қаладағы Халық банк ғимаратында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының алғашқы бөлімшесі. Мұнда келушілер бірнеше қызмет түріне жедел жүгіне алады. Жергілікті тұрғындарға өте тиімді.
Ольга Лысенко, қала тұрғыны:
- Небәрі 15 минуттың ішінде өзіме қажетті қос қызметті алдым. Халыққа қызмет көрсету орталығы мен банктің бір жерде болуы өте ыңғайлы. Әрі-бері жүріп, уақыт жоғалтпайсың. Оған қоса «Бір терезе» қағидаты жұмыс істейді. Банктің телефондағы қосымшасы арқылы онлайн қызмет түрін аламыз.
Нариман Мұқышев, Halyk басқарма төрағасының орынбасары:
- Клиенттерге өте тиімді. Неге? Өйткені мемлекеттік қызметтер болса, банктің қызметтері болса олар бірімен байланысады. Сонымен олар екі жерге бармай бір жерде соны алады. Сондай-ақ, ең көп қолданылатын мемлекеттік қызметтің 50 түрі біздің мобильді қосымша да бар.
Жаңа форматтағы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де танысты. Оның сөзінше, бірлескен жобалар қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. Сол себепті сала мамандары жобаны әрі қарай жандандыруды көздейді.
Бауыржан Ерімбетов, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ филиалының директоры:
- Бұл өте ыңғайлы жоба. Яғни тұрғындар бір жерден өздеріне қажетті қызмет түрін алады. Біз бұл жобаны кеңейтуді көздеп отырмыз. Тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудандарда жүзеге асыру жоспар да бар.
Қазір облыс аумағында 22 халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Алдағы уақытта осы жобаны қалған орталықтарда жүзеге асыру жоспарланған.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный