Шахтадағы жарылыс: оқиға хронологиясы

Костенко шахтасындағы жарылыс биыл "АрселорМиттал Теміртау" кеніштерінде болған бесінші қайғылы оқиға.

Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша 33 адамның сүйегі табылған, тағы 13 шахтер іздестіріліп жатыр.

28 қазан. Түнгі сағат 02:30-дың шамасында шахтада өрт шыққан. Оны байқаған кезекші бірден дабыл қағады. Сол екі ортада қатты жарылыс болған. Бұл уақытта шахтада 252 адам болған. 206 кенші өздігінен сыртқа шығып үлгереді. Солардың 18-іне жедел медициналық көмек көрсетілген. Одан кейін опат болған 4 адамның сүйегі табылған. Біраздан соң тағы үш мәйіт анықталды...

Бибигүл Төлегенова, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бір пациент жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы бірі травматология бөліміне түсті. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Таңнан бері барлық консилиумдар өткізілді. Барлық облыстық штаттан тыс қызметкерлеріміз жұмылдырылды.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша 700 метр тереңдіктегі шахтада іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. 

Мұрат Қатпанов, Қарағанды облыстық ТЖД басшысы:

- Қазіргі уақытта апатты-құтқару жұмыстарына 10 кәсіби құтқару бөлімі жұмылдырылған. Оның құрамында 55 адам, 12 техника бар. Құтқару шаралары екі аумақта өтуде. Ол жерлерде газ таралу қаупін тексеру және табылған мәйіттерді сыртұа шығару жұмыстары жүргізілуде. Кейбір аумақтарда газ мөлшерінің жоғары концентрациясы анықталуда.

Президенттің тапсырмасы бойынша апат себебін анықтау үшін үкімет комиссиясы құрылды. Оны премьер-министр Әлихан Смайылов басқарды. Комииссия шығын көлемін анықтап жатыр. Опат болғандардың отбасына қажетті көмек көрсетіледі. Оқиғаға байланысты алдын ала тергеп тексеру жұмыстары басталды.