Түркі мемлекеттерінің саммитінде алты елден 18 БАҚ өкілі ақпарат таратты
Астанаға түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиттінен хабар таратуға 18 БАҚ өкілі келді.
Тіркелген тілшілер саны жүзден асады. Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Мажарстаннан ат басын бұрған журналистер алқалы жиыннан 2 күн бойы хабар таратты.
Түбі бір түріктердің басын біріктірген басты жиын. Бұл саммиттен хабар тарату үшін осы күндері ел астанасына 6 мемлекеттен 18 БАҚ өкілі келді. Тіркелген тілшілердің жалпы саны 113. Журналистер шоғырланған орталықта жұмыс қарбалас. Бірі суфлерінен тиісті мәтінін таба алмай әлек болса, енді бірі стендабын жазып жүр. Ал қолы қалт ете қалған әзербайжандық мына тілші стуенттік телевидение премиясы жеңімпазының жұмысымен танысып отыр. Саммиттен хабар тарату тұрғысында Бакуден келген БАҚ өкілдері тікелей эфирге сағат сайын шығып, сарапатамалық материалдарын көрермендеріне жеткізді.
Камран Гасымов, "Real TV" телеарнасының тілшісі / Әзербайжан /:
- Біз ақпаратты тікелей эфирде таратамыз. Кейін қорытынды жаңалықтарға сараптамалық тұрғыдан береміз. Өйткені тікелей эфир кезінде қолда бар мәліметтермен ғана көрерменді қанағаттандырамыз. Жалпы саммит барысында жұмыс істеу үшін журналистерге барлық жағдай жасалған. Баспасөз орталығында керек болса аудармашыларда бар. Бұл өте ыңғайлы.
Нариман Гусейнзаде, "ARB24 TV" телеарнасының бас редакторы / Әзербайжан /:
- Бұл саммит барлық түркітілдес ел үшін аса маңызды. Жасыратыны жоқ, осы ұйымның кезекті жиыны өтіп жатқанда үшінші мемлекеттер де не айтылады деп қарап отырады. Осындай сәтте БАҚ өкілдеріне де артылар жүк ауыр. Сондықтан ақпаратты дұрыс тарата білу керек.
Жалпы түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитінен хабар таратуға Әзербайжанның «CBC», «АРБ24 ТВ», Өзбекстанның «Өзбекстан-24,» Түркияның «ТРТ» сынды алпауыттары келген. Арасында осыған дейін өткен бірқатар жиынға үздіксіз қатысып, хабар таратқан тілшілер де бар.
Жошкун Озен, "TRT Avaz" телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі / Түркия /:
- Мен түркі мемлекеттері ұйымының осымен төртінші саммитіне қатысып отырмын. Бірінші рет 2021 жылы Ыстамбұлдағы жиыннан хабар тараттым. Сол кезде «Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» деген атаудан, «Түркі мемлекеттерінің ұйымы» болып өзгертілді. Бұл өз кезегінде ұйымның жаңа статусқа ие болып, бауырлас мемлекеттердің бір-біріне жақындай түскенін айғақтайды деп ойлаймын.
Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті төңірегінде 2 күн бойы үздіксіз хабар таратқан журналистер осымен Астанадағы өз миссияларын сәтті орындап шықты. Енді бұл тілшілер қауымы келер жылы бауырлас қырғыз жерінде жолығады. Өйткені 11-саммит Қырғызстанда өтетін болды.
Риат Шони, Ырыстанбек Оспанов