Қандыағаш пен Шалқар арасындағы асфальт көлік жүруге жарамай қалған
Биыл Шалқар қаласынан Қандыағашқа қарай 20 шақырым жолға асфальт төселді.
Келер жылы 75 шақырым жолды жаңартуға 10 млрд 700 млн теңге қажет. Бұл бағытқа жолаушылап шыққан жұрт күнделікті басын қатерге тігеді. Себебі Қандыағаш пен Шалқар арасындағы асфальт көлік жүруге жарамай қалған.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Облыстық маңызы бар деген аты болмаса Қандыағаш пен Шалқар қалаларын байланыстыратын жолдың сиқы осы. Әсіресе алғашқы 20 шақырымы жолаушылар үшін қауіп. Жергілікті тұрғындар ел тәуелсіздік алғалы күрделі жөндеу көрген жоқ дейді.
Аудан орталығынан Жұрын ауылына дейінгі аралық 22 шақырым шамасында. Алайда жүргізушілер таяқ тастам жерде бір сағатқа жуық уақытта жүріп өтеміз, дейді. Жолаушы тасып нәпақа тауып отырғандардың шығыны күн санап артып келеді.
Аршат Мамыров, көлік жүргізуші:
- Жол жоқ қой. Мынау жол ма деген? Мына жолдың үстінде жаяу жүруден қаласың, мына жолдың үстінде. Табасың. Тапқаныңды ходовкіге саласың. Кредитіңе жеткізе алмай қаласың. Болды. Сосын үйден сұрап кредитіңді төлейсің.
Мырзағали Байменшин, көлік жүргізуші:
- Мен 81-ден бастап шопырмын. Ақтөбе-Қандыағаш-Жұрынның ортасында жүрмін өмір бойын. Мына жолдың кескінін қараңыз. Елге дейін шаққа жетеміз 2-3 сағат жүріп. Шаршаймыз.
Жүргізушілер шарасыздықтан әзілдегенімен күле қарайтын мәселе емес. Себебі жолаушылардың бәрі жанын шүберекке түйіп шығады. Облыстық полиция департаментінің дерегіне сәйкес жыл басынан бері Қандыағаш пен Шалқар арасындағы жолда екі көлік апаты тіркеліп, бір адам қаза болған. Төртеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
Жайна Басжанова, көлік жүргізуші:
- Дөңгелектің тесіктері шығып қалды кеше келгенімде. Астым бір рет тиді енді. Дұрыстаса екен деп, прямо асфальт болса жақсы болар еді.
Уәлихан Жантөрин, көлік жүргізуші:
- Өмір бойы жол жоқ қой бұл жерде. Осы 6 ай болды мына жол кішкене жақсы еді алты ай бұрын. Қазір тіптен өлтіріп тастады. Міна бала-шағамен келе жатырмыз иманымызды үйіріп, машинаның күніге бір жері кетеді. Мүмкін емес жүруге.
Жолды күтіп ұстауға жауапты мекеме өкілдері жөндеу жұмыстары кестеге сай жүріп жатқанын айтып отыр. Биыл Шалқар қаласынан Қандыағашқа қарай 20 шақырымға асфальт төселді. Келер жылы 75 шақырымын жаңартуға 10 млрд 700 млн теңге қажет. Тағы 30 шақырымын жөндеуге техникалық құжаттары жасалып жатыр.
Асылбек Мұқанбетқалиев, "ҚазАвтоЖол" АҚ ОФ директорының орынбасары:
- Ол ақаудың пайда болуы үлкен, ауыр көліктер жүріп жатқаннан. Қазіргі уақытта ол жерге материал тасылып жатыр. Материал толық тасылғаннан кейін сол бүкіл ақау шыққан шұңқырларды бітеу басталады. Ауа райы мүмкіндік бергенше жұмыс сол жақта жасалады.
Жоспарға сай қар жауғанша 12 мың шаршы метр жерге қиыршық тас төселуі тиіс. Көктем келісімен 75 шақырым жолды жөндеуге білек сыбана кірісеміз, дейді. Бірақ Қандыағаш пен Шалқар қалаларының арақашықтығы 259 шақырым екенін ескерсек, қалғаны қашан жөнделері беймәлім.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков