Алыпсатарлармен қалай күресуге болады?

Баға үстіне баға қосып, қолдан қымбатшылық жасайтын делдалдар футболға да бас сұқты.

Солардың кесірінен қалың қараша арзан билет таппай жүр. 17 қарашада футболдан Қазақстан мен Сан-Марино арасында матч болады. Доп додасының билеті 30 қазан күні сатылымға шыққан. Алайда 30 мың орын бірер күннің ішінде өтіп кетті. Есесіне алыпсатарлар 2-3 мың теңгенің билетін 20 мыңға саудалап жүр.

Ұлттық құрамаға қазақтың қалталылары ғана жанкүйер бола ала ма? Футбол жанкүйерлері осылай деп базыналайды. Себебі, өз алаңымызда өтетін матч билетіне қол жетпей тұр. Көзді ашып-жұмғанша алып алаңнан орын қалмай, 30 мың билет түгел сатылып кетті. Есесіне, алыпсатарлардың инетернеттегі саудасы қызып тұр. Аузына сыйған бағаны қаймықпастан айтады. Әу баста билет бағасы мың жарым теңгеден бастап сатылған Ал оның қазіргі «Қара нарықтағы» құны мынадай.

-        Маған көп билет керек еді, он шақты. Шыға ма ондай?

-        Шығады-шығады.

-        Қанша билет бере аласыз?

-        40 билет бар менде.

-        Қанша теңгеден?

-        25 мыңнан, бірақ 10 билет алсаңыз скидка болады.

-        Қаншаға бере аласыз?

-        20-дан бере аламын.

-        Ертең 1 билетті 2-3 адамға сатып, мәселе болмай ма?

-        Жоқ, гарантия берем сізге.

-        Қалай бересіз?

-        Чектерді көрсетемін, я сам просто давно этим занимаюсь. Не обману.

Біз хабарласқан азамат бұл кәсіппен бұрыннан бері айналысып жүрмін деді. Қолайлы жерден орын ұсынды. Алыпсатарлардың мұндай лаңына жанкүйерлер де наразы. Футбол федерациясының әлеуметтік желі беттері ашуға булыққан азаматтардың пікіріне толы.

Цитата:

@kabdulov.zh: Сан-Мариноға қарсы ойынға билет толық сатылып кетуі мүмкін емес...

@_shagatov: Федерацияның постын аңдып отырып, билет сатылымға шыққан бойда алып үлгердім. Бірақ соның өзінде бірнеше қатар өтіп кеткенін көрдім. Бұл - бейберекетсіздік. Алыпсатарлар футболдың түбіне жететін болды. Бұған қатысты заң жүзінде шара қолдану керек.

@ttileuov: Алыпсатарлармен қалай күресуге болады? Жеке куәлік арқылы немесе өзге де амалмен сатуға болмай ма? Еуропа елдерінің тәжірибесі қалай?

@ereke_250499: 3 мың теңгенің билеттерін 12 500 теңгеден сатып жатыр. Кейбірі 28 мың теңгеге дейін қымбаттатып жіберген. Ұят, қанағат деген қайда? Бұл мәселені шешпесе болмайды!

Ал футбол федерациясы билеттің жылдам өтуін жанкүйерлердің қызығушылығы артуымен байланыстырады. Олардың пікірінше, алыпсатарлар бар, бірақ олардың қолына көп билет өткен жоқ. Тек алаяқтықпен бір билетті бірнеше адамға сатып отыруы мүмкін дейді федерация өкілдері. 

Мұратбек Биманов, Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Ойынның билеттері туралы біз алдын ала хабарлаған болатынбыз, 1 апта бұрын. 30 қазаннан бастап билеттерді тек онлайн сатылып арқылы жүргіздік Енді алыпсатар мәселесі, 1-2 сатып жатқан адамдар бар.Бірақ біз оларға шектеу қоя алмаймыз. Мониторинг жасадық бір адам бір билетті бірнеше рет сатып жатыр.

Ал мәжіліс депутаты Марат Бәшімовтің сөзінше, Алыпсатарларды заң тұрғысында жауапкершілікке тартуға болады. Осы үшін құзырлы огандар тексеріс жүргізу керек. Мұндай бейберекетсіздік үшін Спорт министрлігі де жауапкершілік алуға міндетті дейді төменгі палата өкілі.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Билеттерді екі-үш рет, тіпті одан да көпке сату деген спекуляция ретінде ғой. Артында көп сұрақ келіп тұр да. Құзыретті органдар осыған көңіл бөліп, бір тергеу жүргізіп жіберсе өте жақсы болушы еді. Артқы жағында көресіздер, шыға келеді. Арнайы топтар. Осымен айналысып жүрген. Осы жағдайды қолданып үлкен ақша жасап алайық деген.

«Алыпсатарларға заңмен тосқауыл қою керек. Бұған Туризм және спорт министрлігі жауапты. Алайда қазір бұл бағытта ешқандай жұмыс атқарылып жатқан жоқ». Сарапшы Дидар Смағұл осылай дейді. Оның айтуынша, жылдар бойы жауыр қылған мәселені шешудің жалғыз жолы бар. Ол үшін билетті жанкүйерлердің жеке басын анықтап, бекіту арқылы сату керек.

Дидар Смағұлов, "Әділдік жолы" РҚБ атқарушы директоры:

- Билеттерді тек қана жеке сәйкестендіру номеріне сәйкес сату. Және стадионға келгенде солай өткізу. Бірақ оны ұйымдастыру үшін заңда өзгерістер болу керек. Оны министрлік қабылдайды. Менің ойымша, ешқандай шаралар жоқ қазіргі таңда. Кеше ғана пайда болған мәселе емес жылдар бойы айтып келеміз.

Түптің түбінде бұдан қазақ футболы мен жанкүйерлер зардап шегіп отыр.  Себебі олар Еуро жолдамасының тағдыры шешті матчына үстеме ақы төлеп ғана кіре алады. Қолдауды стадионнан көргісі келіп, алаяқтар алданатындардың мұңы тағы бар.

Авторлары: Бекзат Аманов, Наурызбай Құрманғазы, Ырыстанбек Оспанов, Ербол Дайыров