Қостанай облысында 43 бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Қостанай облыстық Тұтынушылар құқын қорғау департаментіне соңғы 10 айда 1500-ге жуық шағым келіп түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның негізгі бөлігі қызмет көрсету және сауда саласына қатысты. Тексеріс қорытындысы бойынша 43 бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көбінде сөреде тауар құны жазылмаған немесе көрсетілген баға кассалық чекпен сәйкес келмеген. Заң талабына сәйкес әр адамның мекеме басшысына, тиісті органға хабарласып, шағымдануына мүмкіндік жасалуы керек. Яғни, көрнекі жерде олардың байланыс деректері жазылуы шарт. Басым бөлігінде ол жоқ. Сауда орындарында арнайы мониторинг жүргізген тұтынушылар құқын қорғау одағының мүшелері осындай кемшіліктерді анықтап, ескерту жасады.

Ольга Березуцкая, облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау одағының төрағасы:

- Тауар белгісі 2 тілде жазылуы қажет. Бірінші кезекте мемлекеттік тілде. Зат таңбасында қазақша ақпарат міндетті түрде болуы керек. Бірақ бұл талап сақтала бермейді. Бірінші кезекте біз ескерту жасаймыз. Егер түзетілмесе, Әкімшілік кодекс аясында жауапкершілікке тартамыз.