Сапасыз интернет үшін операторлар айыппұл төлейді
Ел астанасындағы интернет сапасы қала тұрғындарының көңілін көншітпей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елорданың көп аумағында интернет жылдамдығы өте баяу. Сапаның артуына тарифтің қымбаттауы да әсер етпеді. Жұртшылықтың жылдам интернетке қол жеткізе алмай жүруінің себебін тілшіміз анықтап көрді.
Интернеттің қоғам өміріне терең дендегені соншалық, ол бүгінде экономиканың қозғаушы күшіне айналды. Ақпараттық технологиялардың арқасында жалпы ішкі өнімін ілгерілетіп отырған елдер бар. Үрдістен Қазақстан да қалыс емес. Мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан әлемнің бірқатар дамыған елдерін басып озды. ТМД елдері арасында да көшбасшы орындамыз. Бірақ мамандар саннан гөрі сапаға көңіл бөлу керек дейді.
Арман Әбдірасылов, киберқауіпсіздік бойынша халықаралық сарапшы:
- Әлемнің бірқатар қалаларын, оның ішінде Жапония астанасын интернет жылдамдығы жағынан озып кеттік делінді. Алайда бұл Speedtest қосымшасымен жүргізілген сынақ болатын. Speedtest-тің интернет сапасына ешқандай қатысы жоқ. Ол қосымша тек сіздің ұялы телефоныңыздан жақын маңдағы серверге дейінгі жылдамдықты көрсетеді. Сондықтан Speedtest жоғары жылдамдық көрсетіп тұрса да, интернеттің өзі баяу жұмыс істеуі мүмкін.
Иә, интернет сапасына күмән көп. Алысқа бармай-ақ Астананың өзінде жылдам интернетке қол жеткізе алмай жүргендер көп. Бірде бәсеңдеп, бірде мүлдем істемей қалатын қызметтен көбінің көңілі қалған.
- Мүлдем кейбір қосымшаларға кірмейді. Өте әлсіз интернет. Алайда айына 6 мың теңге төлейміз. Өте нашар.
- Ильинкада тұрамын. Интернет жақсы ұстайды. 4G ұстайды, бірақ 5G ұстамайды. Оң жағалауда қатты ұстамайды.
- Интернет жақсы жұмыс істеу керек. Біз көбінесе интернетте отырамыз. Аптасына 2 рет істемей қалады. Кейде тіпті өшіп қалады.
Интернеттің баяу болуының бірнеше себебі бар. Айталық, елімізде 1,5 миллион адам Қазақтелеком компаниясының қызметін пайдаланып отыр. Алайда қолданушылардың жартысына жуығы әлі күнге шейін АДСЛ технологиясымен, яғни мыс сыммен берілетін төмен жылдамдық интернетті қолданып отыр.
Ғалымжан Сүйімбаев, «Қазақтелеком» АҚ желіні дамыту және қолдау жөніндегі директоры:
- Айырмашылығы тек 8 мегабитке дейін жылдамдық бере алады. Сондықтан осы түсіп жатқан шағымдардың көбісі, 40-50%-і – осы АДСЛ-ға байланысты шағымдар. Мыс арқылы қолданып жатқан ескі технологиялар. Кешке таман көбісі бір нүктеге, бір отбасында 5-6 бала болсын, барлығы қосылады. Контенттің, Instagram, TikTok салмағы көбейіп жатыр.
Интернеттің баяу болуының тағы бір себебін жауапты министрлік радиофобиядан көріп отыр. Түрлі аңызға сенетін тұрғындар сигнал қабылдайтын қондырғылардан қорқады дейді. Дегенмен жыл соңына дейін елімізде 1000-ға тарта базалық станция орнатылады. Министрік сондай-ақ жұртшылықты интернетпен дұрыс қамти алмаған операторларға айыппұл көлемін ұлғайтып отыр.
Альбина Атен, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Интернеттің сапасын жақсарту үшін министрлік операторларға айыппұлдарды арттырып отыр. Егер бұрын айыппұл 100АЕК құраса, қазір ол 1000 АЕК құрайды. Ол практикада көрсеткендей осы айыппұлды көтеру интерннеттің сапасын жақсартуға байланысты және біздің өтініштерімізді олар, операторлар, орындап жатыр.
Қуандық Танабас, тілші:
- Иә, бүгінде онлайн жұмыс істейдерге де оңай емес. Өйткені интернеттің сапасы кей-кейде жүйкеңізді әбден жұқартып жібереді. Бірақ бұдан былай интернетке көңілі толмаған қолданушылар үшін операторлар қомақты айыппұл төлейді. Биылдың өзінде отандық операторлар 2 млрд теңге айыппұл арқалап үлгерген.