Қазақстанда 2 мыңнан аса адам қаржы пирамидаларынан зардап шекті
Елімізде жыл басынан бері 2 мыңнан аса адам қаржы пирамидаларынан зардап шекті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сенатор Геннадий Шиповских заңсыз ұйымдардың саны азайғанымен, алаяқтарға алданғандар қатары артып жатқанын айтады.
Мемлекеттік «Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне» сай бірқатар кооперативке қатысты сот шешімі шығарылды. Бірақ әлі орындалған жоқ. 453 адам 1 млрд теңгеден аса ақшасын қайтара алмай отыр. Сенатордың атына да 42 салымшыдан шағым хат түскен. Олардың көбі тез арада баспаналы болуға үміттенген. Депутат Парламент тарапынан қаржылық пирамидалардың алдын алуға барлық заңнамалық қолдау жасалғанын айтады. Алайда алаяқтық тыйылар емес.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бас прокуратураның дерегінше, «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша 2021 жылы 233, 2022 жылы 104, ал биылғы жылдың 9 айы бойынша 89 іс сотқа жіберілген. Аталған статистикаға қарасақ, жылдан жылға қаржылық пирамиданың құрбандары азайып келе жатқан секілді көрінуі мүмкін. Ал сол пирамидалардан жапа шеккендердің тізіміне қарайтын болсақ, керісінше статистиканы байқаймыз: 2021 жылы жәбірленушілер саны 1259, 2022 жылы 892, ал биылғы жылдың 9 айы бойынша жәбірленушілер саны 2079 адамды құрап отыр. Аталған статистикада тек сот жәбірленуші деп таныған адамдардың тізімі көрсетілген.