Қазалы ауданынан соғысқа аттанған боздақтың сүйегі елге қайтарылды
Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақ жауынгерінің сүйегін табыстау рәсімі өтті.
Мәйітті арнайы іздестіру тобы осы жылдың мамыр айында Мәскеу түбіндегі Апальщино ауылының маңынан тапқан. Медальонында сақталған жазбаның арқасында сарбаздың Қызылорда облысы Қазалы аудандық әскери комиссариатынан шақырылған Сейлан Мәметов екені анықталды. Ол 144-атқыштар дивизиясы 785-атқыштар полкінің құрамында соғысып, 1941 жылдың 7 қарашасында Мәскеуді қорғау кезінде қаза тапқан. Сейлан Мәметовтің туыстары әлі табылған жоқ. Сүйегі Қазақстанға жеткізілген соң әскери құрметпен жерленеді. Қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін табу бойынша қазақстандық және ресейлік іздеу топтарының бірлескен жұмысы жалғаса бермек.