Қазақстанда әскери қызметтің жаңа түрі пайда болады
Қазақстанда 2025 жылдан бастап әскери қызметтің жаңа түрі – резервтегі қызмет пайда болады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Мәжіліс жалпы отырыста тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жоба кәмелетке толған азаматтарға қатысты. Қызметке қабылдау ерікті түрде жүргізіледі.
Іріктеу кезеңдерінен өткен азаматтармен Қорғаныс министрлігі 3 жылға келісім-шарт жасасады. Соның негізінде олар ай сайын бөлімдерде қысқа мерзімді оқудан және ведомствоның бұйрығы бойынша 30 күндік жиындардан өтеді.
Резервшілерге денсаулық жағдайы бойынша талаптар қойылады және жас шектеулері белгіленеді: офицерлер үшін – 60 жасқа дейін, сержанттар мен сарбаздар үшін – 18-ден 50 жасқа дейін.
Резервшілерге қару-жарақ пен жауынгерлік техника бекітіледі. Олар тек өз облысының аумағында қызмет етеді.