20 миллионыншы тұрғынның бірі – ақмолалық
20 миллионыншы тұрғынның тағы бірі Ақмола облысында дүниеге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Нәрестенің салмағы – 4 келі, бойы – 57 сантиметр. Ата-анасы қыз баланы Ясина деп атапты.
Исеновтор отбасында бүгін көптен күткен қуаныш. Қарапайым жанұяда дүниеге келген Ясинаның әкесі электрик болса, анасы – мұғалім. Олар қыздарының арқасында тарихқа кіріп, осындай құрметке ие боларын мүлдем ойламаған.
Динара Каренкина, анасы:
- Өте жақсы сезімдемін. Үйдегі екінші бала. 2 жылдан кейін өмірге келді. Есімін Ясина деп қойдық. Ясина деген таза жанды деген мағынаны білдіреді. Жиырмасыншы миллионның анасы болу өте үлкен құрмет деп ойлаймын. Жауапкершілік.
Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы. Бурабайдағы перзентханада жатыр. Өңір басшысы арнайы барып, жылы лебізі мен сый-сияпатын жеткізді.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Бұл енді тек қана біздің өңірдің, біздің облыстың ғана қуанышы емес, бұл – жаппай қазақ елінің қуанышы. Мына 20 миллионға келіп, оның ішінде, әрине, біздің азаматшамыз осы атаққа сай болып жатқаны бізге өзі ерекше тарту, қуаныш.
Жалпы соңғы жылдары аймақта демографиялық өсім жақсарды. Жыл басынан бері өңірде 9 мыңнан астам сәби дүниеге келді.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.