С-125 зениттік-зымыран кешені жаңғыртылды
Сарышаған полигонында «Гранит» отандық қорғаныс кәсіпорнында жаңғыртылған С-125 зениттік-зымыран кешені сынақтан өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жаңғырту жұмыстарын қазақстандық мамандар Беларусь әріптестерімен бірігіп жүргізген.
Қарудың атыс мәнері жоғары бағаланып, әскерилерге тапсырылды. Енді бұл кешен елдің батыс шекарасында күзетте тұрады.
«Печора» экспорттық атауымен танымал С-125 зениттік-зымыранын Кеңес Одағы бір кездері шет елдерге белсенді түрде тасымалдаған еді. Бүгінде ол әлемнің 25 елінде қызмет етеді.
Кешен бірнеше рет, оның ішінде Ресей, Украина және Беларусь секілді посткеңестік елдерде жаңғыртудан өткен. Қазір Қазақстан әскерінде 4 С-125 кешені бар. Олардың біріне қазақстандық «Гранит» қорғаныс кәсіпорнында беларусьтік «Тетраэдр» компаниясы мамандарының көмегімен терең жаңғырту жұмыстары жасалды.
Владимир Боштаненко, «Тетраэдр» компаниясы бас директорының орынбасары:
- Бұл – мүлдем жаңа кешен. Жаңа элементтік базаға ауыстырылды. Толығымен жаңа радиоэлектрондық құрал-жабдықтармен жабдықталды. Бұл кешенді ондаған жылдар бойы өз мақсатына сай пайдалануға мүмкіндік береді.
2 жылға созылған жаңғырту барысында кешен толығымен цифрлық жүйеге көшіріліп, оның жауынгерлік мүмкіндіктері айтарлықтай жақсартылды. Бүкіл радиоэлектрондық бөлік кедергілерден қорғалған. Жауынгерлік атқыш топтың жұмыс орны көпфункциялы мониторлармен жабдықталып, басқару кабинасы КамАЗ автокөлігінің шассиіне орнатылды.
Марат Есжан, С-125 зениттік-зымыран кешенінің дивизион командирі:
- Зениттік-зымырандық кешені С-125 белгіленген талаптарды және көрсеткіштерді осы Сарышаған оқу-жаттығу полигонында талаптарды орындады және С-125 кешені 2ТМ ҚР-ның Батыс өңіріндегі Ақтау қаласында өзінің жауынгерлік кезекшілігін атқарады. Қойылған тапсырмаларды бұлжытпай орындайды.
Кешенді «Сарышаған» полигонында сынақтан өткізу – жаңғыртудың соңғы бөлігі. Әуедегі және жердегі нысаналарды ату кезінде тексерілген қарудың нәтижелерін әскерилер жақсы бағалады. Келесі қадам Қазақстанда жасалған жаңа радиолокациялық станцияларды әскери сынақтан өткізу болып отыр.
Талғат Адамов, «Гранит» АКТБ» ЖШС бас директоры:
- Атауын әлі ойлап таппадық. Бұл дециметрлік радар үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ конструкторларымыз әзірлеген тағы бір метрлік радарды жыл соңына дейін әскери сынаққа тапсырамыз.
Осылайша, жаңартылған «Печора» Әуе қорғаныс күштеріне тапсырылды. Техниканы іске қосу еліміздің Қорғаныс министрлігінің бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр
Авторлары: Айкерім Ермұратқызы, Григорий Беденко, Абен Нарымбаев.