Алматыда ЖЭО-ны газға көшірудің бірінші кезеңі аяқталды

Алматыдағы жылу электр орталығын газға көшіру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды.

Ауқымды жоба аясында екі автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Бұл жылу орталығын көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, «Алматы-Байсерке-Талғар» және «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырлары өзара біріктірілді.

Автоматтандырылған газ тарату станцияларының құрылыс-монтаждау жұмыстары мерзімінен екі ай бұрын аяқталды. Бірі сағатына 150 мың, екіншісі 250 мың текше метрге дейін көгілдір отынды орталыққа бере алады. Ал «Алматы-Байсерке-Талғар» желісін «Қазақстан-Қытай» магистральді газ құбырына қосу жылу электр орталықтарымен қатар қала мен Алматы облысының тұрғындарын тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Руслан Сүйіндіков, "Интергаз Орталық Азия" АҚ филиал директоры:

- Мұның қуаттылығы миллион текше метр сағатына беретіндей мүмкіндігі бар. Бұл жерде енді қазіргі заманға сай бүкіл технологияларға сай құрылғылар орнатылған. ЖЭО-2 Алматының сосын жаңадан салынатын ЖЭО-3 деп айтамыз сол нысандарға болашақта газдың көлемін толықтай, үздіксіз жеткізуге қамтамасыз ететін осы мүмкіндігі бар.

Алматының екінші жылу электр орталығы жыл сайын шамамен 1,5 млн тонна көмір жағып, 660 мың тонна күл шығарады. 2026 жылға қарай орталық көгілдір отынға көшкен соң ауадағы ластаушы заттардың көлемі қазіргі 37 мың тоннадан 3 мың тоннаға дейін төмендейді деген болжам бар.

Санжар Жаркешов, " QazaqGaz "ҰК" АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл жобалар мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жасалып жатқан жобалар. Ұлттық компания, басқа біздің серіктестермен осы тапсырманы орындап жатыр. Осы жобаның маңыздылығы Алматы қаласының агломерациясының және облыстың экологиялық ахуалын жақсартады. Қала тұрғындарының, облыс тұрғындарының әл-ауқатын жақсартады және жалпы энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады.

Осы аталған жобалардан бөлек Батыс жылу кешені Автоматтандырылған газ тарату станциясы жаңартылды. Ол Алматының жеке секторын және индустриялдық аймақты газбен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ «Алматы-Байсерке-Талғар» магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы жүріп жатыр. 

Авторлары: Аршын Кемелжан, Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон