Ақмола облысындағы мектептердің жертөледегі жылу қазандығы сыртқа шығарылды

Ақмола облысындағы мектептердің жертөлесінде орналасқан жылу қазандығы сыртқа шығарылды.

Жалпы, 180-ге жуық білім беру мекемесінің жылыту орталығы бөлек орналасқан. Бұл бірініш кезекте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өрттің алдын-алу үшін жасалған. Блок-модульді жылу қазандықтары  заманауи қондығылармен жабдықталған.

Бурабай ауданына қарасты Златополье ауылындағы мектептің қазіргі жылу қазандығы оқу ошағынан 30 метр қашықтықта орналасқан. Нысан былтыр пайдалануға берілді. Жылыту орталығы толығымен автоматтандырылған. Ал орнатылған екі қазандықтың қазір тек біреу ғана іске қосылған. Екіншісі резервте тұр.

Ерден Құдабаев, мектеп директоры:

- Бүгінгі күні мектебімізде жылу жақсы. 4 оператор жұмыс жасайды. Оларға барлық жағдай жасалған. Яғни душ кабиналары мен демалыс орындары да бар. Жалпы бүгінгі күні мектебімізде 26 градустан жоғары жылулықты ұстап отырмыз. Мынаның ең жақсысы алдында бізде күніне 1,5 тонна көмір кететін. Бүгінгі күні күніне 500 килограмм көмір жұмсалады.

Жылу қазандықтарының құрылысына облыстық қазынадан 3 миллиардтан астам теңге бөлінді. Ендігі мақсат - ауыл мектептеріндегі тозығы жеткен жылу жүйелерін жаңарту.

Валерий Гамазов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Соңғы үш жылда 81 білім беру мекемесіндегі жылу қазандықтарын жаңарту міндеті жүктелген. Қазір біз осы жұмысты толығымен атқардық деп айта аламыз. Барлық мектепке блок-модульді қазандықтар орнатылды. Енді біз ауыдық жерлердегі есірген жылу жүйелерін ауыстыруды көздеп отырмыз. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Айталық, жертөледегі жылу қазандықтарын сыртқа шығару жұмыстары келер жылы аяқталады. Бұл білім беру мекемелеріндегі өрт қауіпсіздігі мәселесін шешуге толық мүмкіндік береді.

Авторлары: Абзал Балтабав, Евгений Шинкаренко