Қызылорда облысында күріш алқабы қысқарады
Ал шаруа қожалықтарына су үнемдеу технологиясын енгізу міндеті қойылды.
Сонымен қатар егістік жерлердің 3 жылдық картасын қайта сызу қажеттігі туындады. Себебі қоңыр күзде қамбаға жарты миллион тонна астық құйған диқандар енді егістікті әртараптандыруға көшеді.
Жиын-терімді әупірімдеп аяқтаған диқандар қазір сүдігер жыртып, күздік бидай егумен айналысып жатыр. Су тапшылығы болып, егіні қурап кете жаздаған шаруалар әр гектардан орта есеппен 56 жарым центнерден ғана күріш жинады. Олар келер жылы мал азығы мен майлы дақылдар көлемін арттырып, күріштің суды көп қажет етпейтін сұрыптарын егуді қолға алмақ.
Жүсіпбек Әжібеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Минау украиналық Маршал, Виконт, Премиум деген сорттарын 2-3 жылдан берін өндіріске енгізіп, енді ол сорттарды аудандастыру жұмыстары жүріп жатыр. Ресейдің Яхонт, Патриот деген сорттары аздап егілді. Оларды сынақтан өткізудеміз. Негізінен өсу мерзімі бұрынғы ресейлік Лидер, Янтарь деген сорттарға қарағанда 1 апта. 10 күндей тезірек пісетін айырмашылығы бар.
Алдағы жылдары су үнемдеуге айырықша мән беріліп, республикалық бюджеттен 20 шақты магистральды арна тазартылады. Ал ішкі шағын гидроқұрылғыларды «Қазсушар» жөндеуі тиіс. Бірақ мекеменің оған қаржысы жоқ. Өйткені шаруалар су пайдаланғаны үшін төлеуі тиіс 850 миллион теңгені өтемей отыр.
Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК өндірістік учаске басшысы:
- Күріштің бағасы бүгінгі таңда 500 тг болса, судың әр текшесіне 0,63 тиын. Енді соған қарағанда түсетін пайданың 0,7%-ін су құрап отыр. Сондықтан судың қадірін білмей жатқан болу керек. Бірақ келешек бұл күйінде болмайды. Оны сот арқылы өндіріп аламыз. Келешек ондай шаруашылықтарға су жеткізіп беру қызметін жасамау жөнінде тапсырма келді.
Жалпы салаға цифрлы инновация қажет. Агроқұрылымдар суару технологиясын автоматтандыру арқылы тіршілік нәрін үнемдеуге қол жеткізе алады. Әзірге мемлекет гидролимит төлеуге 50%-тік субсидия беріп отыр.
Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК өндірістік учаске басшысы:
- Қазір көптеген әңгімелер болып жатыр бөлінген лимитті ала алмай жатырмыз деген. Оның бәрі бос сөз. Өйткені бірде-бір шаруашылықта су өлшеуіш құралдары жоқ. Біз де өлшегіш құрал бар. Каналдың басынан беріп тұрмыз содан көрсетіп. Бізге сенбесеңіздер өздеріңіз су өлшеуіш құралдар алыңыздар, кем болса претензия қойыңыздар деген мәселе көтердік. Бірақ келешек судың азаюына байланысты олар осыған көшеді деген үміт бар.
Сырбойылық диқандар вегетация кезеңінде шамамен 2 миллиард текше су тұтынады. Жыл сайын бұл лимит қысқара бермек. «Сондықтан агроқұрылымдар көп ұзатпай сандық технологияны агроайналымға енгізгені жөн», - дейді мамандар.