Ақтөбе облысы шаруаларының несие төлемдері кейінге шегерілуі мүмкін
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында күзде ауа райына байланысты астықты дер кезінде ора алмаған 7 қожалық несие төлемдерін кейінге шегеру туралы өтініш білдірген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жалпы облыс бойынша мұндай 26 шаруашылық тіркеліп отыр. Қазіргі таңда облыстық әкімдік жанынан арнайы топ құрылып, мәселені зерделеуге кірісті. Мамандардың қорытындысы қаржы институттарына жолданады.
Мәртөк ауданындағы бұл шаруа қожалығы 25 мың гектар жерге дән сепкен. Диқандар былтырғы түсім 16 центнер шамасында болса, биыл оның жартысына да жету мұң болды дейді. Күздік егісті көктемде тосыннан соққан үскірік аяз құлатса, жазғы өнімді жиюға қыркүйектен бері үзілмеген жауын кедергі болған. Орылған бидайдың сапасы да сан соқтырды.
Маратбек Әлмұратов, шаруа қожалығының бас агрономы:
- 12-13 центнерден алып жатқанбыз. Жаңбыр басталып, содан кейін өнім түсіп кетті. Жаңбырдың, ылғалдың кесірінен. Сапасы да өте төмен болды. Бірінші жаңбырға дейінгі полядан 2-3 класс алғанбыз. Сапасы жоғары болды. Клейковина 38-ге дейін барды. Енді сол жаңбырдан кейін 4-5 класпенен шаптық. Сол енді 7 центнердің шамасында келіп тұр қазір.
Күнбағыс еккен алқаптардың да жайы осы. Шаруа қожалығы 3,5 мың гектар жерге әлі комбайн салмаған. Жауын кедергі боп тұр. Бұған дейін орылғаны кептіріліп жатыр.
Жасұлан Төкешев, шаруа қожалығының жұмысшысы:
- Алқаптан жеткізілген кезде ылғалдылығы 15-16% шамасында болады. Бұл өте көп. Сондықтан 7-8%-ке дейін кептіріледі. Шамамен 5-6 сағат қажет. Содан кейін ғана суытып, қамбаға төгіледі.
Мәртөк ауданында ауа райының қыңыр мінезінен зардап шеккен 7 қожалық несие төлемдерін кейін шегеру туралы өтініш білдірген. Жалпы облыс бойынша мұндай 26 шаруашылық тіркеліп отыр. Сондықтан облыстық әкімдік жанынан арнайы топ құрылып, мәселені зерделеуге кіріскен. Мамандардың қорытындысы қаржы институттарына жолданады.
Бақытжан Мулькаев, Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Қазір бір тиісті құжаттарды жинап жатырмыз. Қазгидромет пен зертханалардың анықтамасы, біздің бөлімнің түсініктемесі бар. Егер несие берген мекеме жағдайды түсініп, өтемді бір жылға кейін шегерсе, шаруалар келер жылы міндетін орындайды деп ойлаймын.
Жалпы биыл өңірде 420 мың гектар жерге дән себілген. Қазір олардың 95%-інде астық орылды. Орташа түсім 10,2 центнер шамасында.
Нұрбек Райымбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Әйтеке биде 20 мың гектар алқаптай, Қаралыда 4 мың гектардай орылмаған алқаптар бар. Ол алқаптар қазір енді аяздың түсуін күтіп отыр. Шаруашылықтар аяз түскеннен кейін, жер қатқаннан кейін комбайнды шығарып, қалған алқаптарды шауып аламыз деп үміттеніп отыр.
Диқандар бірінші кезекте келер жылдың қамын ойлап, тұқымды қамбаға құйған. 27 мың тонна қор жинаулы. Облысқа тағы шамамен 7 мың тоннадай қажет. Жергілікті жетпесін көрші өңірлерден сатып әкелуге ықпал етеміз деп отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев.