«Өлгендер қайтып келмейді»... бірақ борышкерлер тізімінде тұра береді
Қостанай облысында қайтыс болған 400-ге жуық адам әлі күнге борышкерлер тізімінде тұр.
Сот орындаушылары оларға қатысты атқарушылық істі тоқтатпаған. Облыстық прокуратура тексерісі осыны анықтады. Бақилық болғандардың борышы 10 миллион теңгеге жуық. Оның ішінде әкімшілік айыппұл, алимент төлемі бар. Заң бойынша егер қарыз мирасқорға ауыспаса, атқарушылық іс жабылуға тиіс. Бірақ бұл заң талабы орындала бермейді.
Олжас Бекетов, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:
- Осы факт бойынша облыс прокуратурасы жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасының атына 17 сот орындаушыны тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізді. Сонымен қатар, 390 атқару істі тоқтату бойынша заң бұзыушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді. Қазіргі таңда қадағалау актісі қаралып жатыр.