Ұлытау облысында «Құқықтық тәртіп» жедел іс-шарасы өтіп жатыр
Ұлытауда «Құқықтық тәртіп» онкүндігі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Тәртіп сақшылары қоғам өкілдерімен, «Жастар рухы» ұйымының мүшелерімен және еректілермен бірлесе жиі тәртіп бұзатын азаматтардың үйін аралап жүр. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олардың әлеуметтік жағдайын саралап жатыр. Себебі өңірде ащы судың кесірінен отбасының берекесін алатындар қатары азаймай тұр. Облыста осындай 751 азамат арнайы бақылауға алынған. Олардың қатысуымен жыл басынан бері 15 қылмыстық іс тіркеліп, 700-ден астам әкімшілік хаттама толтырылған.
Мұрат Алтаев, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:
- Күніне 5-10 азаматтан оқшаулап жатырмыз. Сондай агрессорларды. Содан кейін оларды арнайы есепке қойып, күнделікті профилактикалық жұмыстарды бірлесе отырып жүргізіп жатырмыз.
Нұргүл Талғатбекова, «Жастар рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы:
- Волонтерлер тарапынан мынау жағдайы нашар отбасыларға барып, хал-жағдайларын сұрап, әлеуметтік жағынан қандай көмек көрсете аламыз. Мысалы, үй жинауға өзінің жағдайы болмаса немесе мүгедек адамдар бар болса, соларға көмектесе аламыз.