Елімізде заңға «Сталкинг» деп аталатын әкімшілік жауапкершілік енгізілмек
Елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін заңға «сталкинг» деп аталатын әкімшілік жауапкершілік енгізілмек.
Әзірге бұл ұсыныс зерттеліп жатыр. Бұдан бөлек, мас күйде адамға соқтыққандарға қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Президент тапсырмасымен осы бағытта бірқатар шаралар қабылданады. Жалпы биыл 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдағаны белгілі. Әкімшілік құқық бұзушылық істер жәбірленушінің өтініші болмаса да қозғалады. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша хаттама толтыру үшін куәгердің айғақтары мен бейнебақылау камераларының жазбасы жеткілікті. Жалпы, жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеудің 20%-ға төмендегені байқалады.
Сәкен Сәмет, ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары:
- Сталкинг дегеніміз ол - әйелдің артынан қалмай оған жазып, үйіне келетін хабарласатын осындай жағдайларда оны тікелей заңда көрсетіп, оған жауапкершілікті белгілеуді ұсындық. Батыстың дамыған елдерінде заңға ол түсінік енгізілген. Біздің мақсатымыз енгізіп, кейін жауапкершілікті енгізу мәселесі қаралады.